"Министрлер өздері жазған жауапты оқи ма": Қазыбек Иса атқарушы биліктің жұмысын сынға алды

435

Халық қалаулысы Үкімет берген жауаптардың сапасы сын көтермейтінін айтты. 

"Министрлер өздері жазған жауапты оқи ма": Қазыбек Иса атқарушы биліктің жұмысын сынға алды Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса атқарушы биліктің қызметіндегі кейбір олқылықтар туралы мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Парламент депутаттары халықтың зар-мұңы мен  талабы орындалуы үшін үкіметке депутаттық сауалдар жолдап жатады. Ал Үкіметтен келіп жатқан жауаптардың сапасы қандай? Көптеген жауаптар шала болып, қате келеді. "Мен не деймін, домбырам не дейді?" дегендей, кейде мүлде бұрмаланған жауаптар келіп жатады. Үкіметтен келген кейбір жауаптарды оқу үшін алдын ала қан қысымыңызды өлшеп алып, қалыпқа түсіретін дәрі-дәрмегіңізді дайындап алмасаңыз, өзіңізге өте қиын болады. Үш жыл бұрын Үкімет басшысы мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдің қолданылуы 93 пайыз деп жазғанда бақыттан басымыз айналып құлап қала жаздағанбыз", - деді Қазыбек Иса.

Айтуынша, жақында мәслихат депутаттарының мәртебесін айқындау туралы Үкімет басшысына депутаттық сауал жолданған. 

"Онда Конституцияда мәслихатты әкімдікке тәуелсіз етіп, билік тармақтарының теңдігін жасау қажет деп мәлімдегенбіз. Енді жауаптың сиқын көрейік. "Мәслихат депутаттарына жергілікті бюджеттік комиссияға кіру құқығы ұсынылды" дейді. Жергілікті бюджеттік комиссия құру мәслихат депутаттарының құзыретінде болуы керек, оған әкімдердің рұқсатының қажеті жоқ. (...) Бұрын осы үкімет, министрлер өздері жазған жауапты оқи ма деп ойлаушы едік. Қазір осы министрлер депутаттар жолдаған сауалды оқи ма дейтін жағдайға жеттік", - деп атап өтті мәжілісмен.

Ол депутаттық сауалында тиісті мәселеге қатысты бірқатар мысал келтіріп өтті. 

"Үкімет жазатындай "ағымдағы жыл" емес, биыл 13 наурызда денсаулық сақтау министріне жолдаған сауалымызда медициналық сақтандыру қорының тетіктерінің әділетсіздігін айтып, жақында жарияланған төлемдерді 5 есе көтеруге қарсы шықтық. Ертеңіне Денсаулық министрінің алдына түсіп алып шапқан  вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев журналистерге біздің сауалдың нақты мәнін бұрмалап, өз сөзін дәлелдеу үшін, өтірікті соғып жіберді. Оның бұрмалауы бойынша бізді "төлемдерді көтеруді ұсынды" деп түсінуге болады. Біз керісінше қорға төленетін төлемдерді көтеруге қарсы шыққан едік", - деді халық қалаулысы.

Үкіметтен келген кейбір жауаптар қалай жазылатынын қайдам, ал біз оны жариялауға ұяламыз, деп баса айтты депутат.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу