Министрлердің өңірлерге сапарынан халық көбінесе хабарсыз қалады – Дархан Қыдырәлі

Кейбір орталық атқарушы органдар халықпен кездесу бойынша шараларды толық орындамаған. 

Министрлердің өңірлерге сапарынан халық көбінесе хабарсыз қалады – Дархан Қыдырәлі Фото: primeminister.kz

Бұл туралы Үкімет отырысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"2022 жылдың қорытындысы бойынша министрлердің халықпен кездесуін талдау жұмыстары мына мәселелерді көрсетті. Министрлердің өңірлердегі халықпен кездесуіндегі маңызды шаралар: кездесулерді жариялау, мәселелерді алдын ала жинақтау, брифингтер, азаматтарды жеке қабылдау, коммерциялық емес ұйымдармен кездесулер және проблемалық мәселелер бойынша іс-қимыл жоспарын дайындау. Кейбір орталық атқарушы органдар аталған талаптарды толық сақтамағаны анықталып отыр", – деген министр нақты сандарға тоқталды.

Оның айтуынша, 2022 жылы көшпелі кездесулер аясында министрлер 216 жеке қабылдау өткізіп, 1498 азаматтың арыз-шағымын тыңдаған.

"Кездесуде 1679 проблемалық мәселе көтеріліп, оның 1241-і немесе 74%-ы шешілді. Ал 438-і мемлекеттік органдардың орындауында. Аталған іс-шаралардың оң әсері мен нәтижелі болғанын атап өткіміз келеді. Мәселен, Оқу-ағарту министрінің халықпен кездесу қорытындысы бойынша, мемлекеттік мектептерде оқушыларды тамақтандыру қағидаларына өзгерістер енгізілді", – деді министр.

Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан облысында Ішкі істер министрінің кездесуі нәтижесінде жергілікті спорт мектебі "Динамо" дене шынықтыру-спорт қоғамының қамқорлығына алынды.

"Бұл ретте, азаматтар мен БАҚ министрлердің өңірлерге сапары жергілікті БАҚ-та кеңінен жарияланбайтынын, халықтың көбінесе хабарсыз қалатынын ескерген жөн. Кестеге сәйкес, 2022 жылға 227 кездесу жоспарланған, оның 55-і бірінші жартыжылдыққа, 172-сі екінші жартыжылдыққа межеленген. Нәтижесінде 2022 жылы (мамыр-желтоқсан кезеңінде) барлығы 212 кездесулер өткізілді. Министрлердің халықпен кездесулеріне жүргізілген салыстырмалы талдау жұмыстары екінші жартыжылдықта кездесу қарқыны 2,3 есе өскенін көрсетті", – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу