Министрлік Алматыда мектеп оқушыларының жаппай улануына байланысты мәлімдеме жасады

Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі жедел шаралар қабылдап отыр.

Министрлік Алматыда мектеп оқушыларының жаппай улануына байланысты мәлімдеме жасады Фото: fizmat.kz

Оқиға Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебі оқушыларының арасында тіркелген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

– Тамақтану блогына тексеру жүргізіліп, санитариялық талаптардың бұзылуы анықталды. Бес қаулы шығарылып, шектеу шаралары енгізілді және дезинфекция жүргізілді. Науқастармен байланыста болған адамдар медициналық бақылауға алынды.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше мамандар "Master Food" ЖШС-нің тамақтану блогын тексеру барысында азық-түлік өнімдерін сақтау, дайын тағамдардың тәуліктік сынамаларын алу және тамақтануды ұйымдастыру талаптарының бұзылғанын анықтады, – делінген ресми хабарламада. 

Инфекция көзін анықтау мақсатында су мен азық-түлік өнімдерінен сынамалар, шайындылар алынып, тамақтану блогының қызметкерлері тексерілген. Зертханалық зерттеулер де жалғасып жатыр. 

– Тексеру қорытындысында мектеп пен асхананың қызметін тоқтата тұруды, жекелеген тағамдарды сатуға тыйым салуды, уақытша санитариялық шектеу шараларын енгізуді және қажетті ілеспе құжаттары жоқ сүт өнімдерін алып қоюды көздейтін 5 қаулы шығарылды.

Интернат ғимаратында дезинфекция жүргізілді. Науқастармен байланыста болған адамдар медициналық бақылауда. Балалардың бір бөлігі профилактикалық мақсатта интернатта оқшауланды.

14 қазандағы жағдай бойынша аурудың 48 жағдайы тіркелді. Барлық науқас емдеуге жатқызылды, олардың жағдайы тұрақты. Реанимациялық көмекті қажет ететін пациенттер жоқ, – деп ақпарат таратты Денсаулық сақтау министрлігінің ресми парақшасы. 

Тексеру нәтижелері бойынша материалдар заңнамада белгіленген тәртіппен қарау және процестік шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жіберілген. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу