5-нен 6 маусымға қараған түні Астана, Қарағанды, Павлодар және Қостанай қалаларын қоса алғанда, Орталық және Солтүстік Қазақстан тұрғындары аспандағы тылсым жарық құбылысты байқады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
– Алдын ала мәліметтер бойынша, бұл құбылыс орбитада болған ғарыш нысандарының бірінің Жер атмосферасына енуімен байланысты, – делінген министрлік хабарламасында.
Ғарыш қалдықтарының қозғалысын бақылайтын халықаралық ұйымдардың деректеріне сәйкес, сол уақыт аралығында 3 оқиға тіркелген.
Олардың әрқайсысы аспанда байқалған жарықтың пайда болуына себепкер болуы мүмкін:
1. Қытайдың ZQ-2E зымыранының үдеткіш блогы
– Атмосфераға ену уақыты: 5 маусым, шамамен 22:40 (Астана уақытымен)
– Нысан: LandSpace компаниясы 17 мамырда ұшырған Zhuque-2 Enhanced зымыранының сатысы
– Ерекшелігі: Экологиялық таза отын (сұйық метан мен оттегі) қолданылған, ол жану кезінде жарқыраған жарық шығарады.
Уақыты мен көрініс сипаттамасы бойынша бұл нысан – Қазақстан тұрғындары байқаған құбылыстың ең ықтимал көзі.
2. STARLINK-1631 (SpaceX) спутнигі
– Атмосфераға ену уақыты: 6 маусым, 03:41 (Алматы уақытымен)
– Қысқаша сипаттама: Ескі спутниктің жоспарлы түрде орбитадан шығарылуы
3. Жапондық H-2A R/B зымыранының үдеткіш блогы
– Атмосфераға ену уақыты: 6 маусым, 00:36 (Алматы уақытымен)
– Қысқаша сипаттама: Пассивті орбитадан шығарылған нысан
Министрлік қазіргі таңда Қазақстан аумағына қандай да бір фрагменттердің құлағаны немесе зардап келтіргені туралы нақты ақпарат тіркелмегенін мәлімдеді.
Мұндай нысандар, әдетте, атмосферада толық жанып кетеді. Ірі бөліктердің жерге жетуі – өте сирек кездесетін жағдай.
– Бұл – көрнекі болғанымен, қауіп төндірмейтін табиғи үдеріс. Азаматтардан үрейге бой алдырмай, тек ресми ақпарат көздеріне сенуді сұраймыз, – делінген министрліктің ресми хабарламасында.