Фонограммаға тыйым салуды сылтау айтып, қолдамай отыр – Мақсат Толықбаев

Негізінен фонограммамен ән салатынын тыңдарман алдын ала білуі керек.

Фонограммаға тыйым салуды сылтау айтып, қолдамай отыр – Мақсат Толықбаев Фото: Мәжіліс

Аталған мәселе жылдар бойы мәселе ретінде көтерілсе де, шешілетін түрі жоқ, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбаев елімізде фонограммамен ән салуға тыйым салу керегін тағы да қозғады. 

– Қолданыстағы заң бойынша фонограммамен ән айтқан кезде концерт ұйымдастырушылары көрермендерді ескертуге міндетті, "әнші аузын жыбырлатып фонограммамен айтады" деу керек. Бірақ, бұл ереже мүлдем жұмыс істемейді. Сондықтан, біз бұл жобасында фонограммамен ән салуға тыйым салуды белгілеуге бағытталған түзетулер енгізуді ұсындық, бірақ Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдамай отыр, айтатын сылтау көп, "өңірлердегі техникалық құралдардың 70%-ы тозған" дейді. "Жарайды" деп, норманы жеңілдетіп бердік, "концерт залы техникалық құралдармен толық қамтамасыз етілсе, фонограмманы пайдалануға тыйым салынады" дедік, бірақ бұл норма да өтпей отыр. 

Тағы бір сылтау білікті дыбыс режиссерлері жетіспейді екен, сұраныс болмаған соң, әрине жетіспейді. Фонограмманы алып тастаса, ең қымбат гонорарды дыбыс режиссерлері алады. Одан бөлек, тағы бір жеңілдік ұсындық, егер концерт өтетін орын жабдықталмаса, мысалы, концерт стадионда өтсе, аудиторияны хабардар ете отырып, фонограмманы пайдалануға рұқсат етіледі дедік, бұған да қарсы болып отырсыздар, – деді ол.

Осылайша, Мәжілістің жалпы отырысында мәселе көтерген Мақсат Толықбаевқа Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов түсінік беріп өтті. 

– Фонограммаға қатысты бірнеше жұмыс тобының отырысы өтті, қызу талқыланып жатыр. Мемлекеттік орган ретінде мамандардың пікірін тыңдап, мүдделі жандардың басын қосып, ашық талқылау керек деген мәмілеге келдік. 11 наурызда шоу-бизнес өкілдері, мәдени мекемелер басшылары, режиссерлер және басқа мамандармен сіздер ұсынған механизмдерді талқылап, егжей-тегжейлі пысықтап, Мәжілістегі заң жобасының екінші оқылымына дейін бір шешімге келеміз деген сенімдемін, – деп жауап берді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу