Ұлттық экономика министрлігі "Raimbek" компаниясы өкілдерінің Қазақстан нарығында қант тапшылығы пайда болуы мүмкін екендігі туралы мәлімдемесіне қатысты өз жауабын берді, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
"Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша, елімізде жыл басынан бері 138 мың тонна қант өндіріліп, 121 мың тоннасы импортталған. Облыс және Астана мен Алматы қалалары әкімдіктерінің деректері бойынша, тұрақтандыру қорларында бүгінгі таңда қанттың жеткілікті қоры сақталған. Қазіргі уақытта 2018 жылғы өнім жинау жүзеге асырылып жатқанын атап айтсақ, ол да қант өндіру үшін шикізаттың мол болуына ықпал етпек. Сондықтан аталған өнімнің тапшылығы туралы және оған бағаның өсуі туралы айтуға негіз жоқ", - деп министрлік дүрлікпеуге шақырады.
Ұлттық экономика министрлігі еліміздің қантты импорттауға және оны өндіруге қажет шикізатқа ешқандай тыйым енгізбегенін айтады.
"2010 жылы Кеден одағы құрылған сәттен бастап, барлық ЕАЭО-ға қатысушы елдерге қатысты, үшінші елдерден импортталатын ақ қанттың тоннасына 340 теңге Бірыңғай кедендік тариф қолданылады. Одақ елдерінің арасындағы өзара сауда аясындағы қант айналымына баж салығы салынбайды. Қазақстандағы қан өндірушілер, оның ішінде "Raimbek" компаниясы да, 2010 жылдан бері ЕАЭО аясындағы кедендік баж салығынсыз қант және оны өндіру үшін шикізат тасымалдауда уақытша жеңілдікті преференцияларды пайдаланып келді. Ағымдағы жылғы 27 шілдеде Ауыл шаруашылығы министрлігінің ЕАЭО ұлттық міндеттемелерді имплементациялау аясындағы ұсынысы негізіндегі үкіметтің қаулысымен аталған жеңілдікті преференциялар жойылды", - делінген ведомство таратқан хабарламада.