Қазақстан су қоймасын салуға Ислам даму банкінен 2,7 млрд доллар қарыз алуды жоспарлап отыр

269

Бұл туралы министр Нұржан Нұржігітов ведомствоның алқа мәжілісінен кейін журналистерге мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Қазақстан су қоймасын салуға Ислам даму банкінен 2,7 млрд доллар қарыз алуды жоспарлап отыр Фото: canva.com

Су ресурстары және ирригация министрлігі "ҚазСуШар" мекемесінің ирригациялық жобалары үшін Ислам Даму банкінен 2,7 млрд доллар көлемінде қарыз тартуды көздеп отыр. 

– Қарыз бірнеше кезең бойынша бөлінеді. Бірінші кезең аясында жақын арада келісімшартқа қол қоямыз. Мемлекет кепілдігі рәсімделгеннен кейін "ҚазСуШар" мекемесіне 500 млн доллар көлемінде қаражат бөлінеді. Бұл қаржыға 4 жаңа су қоймасы салынып, қолданыстағы 4 су қоймасы күрделі жөндеуден өтеді. Сонымен қатар, жалпы ұзындығы 3 мың шақырымды құрайтын 156 ирригациялық жүйе қайта жөнделеді, – деді министр.

Егер бірінші кезең сәтті жүзеге асса, жобаның келесі кезеңдері бойынша да қосымша қаржы тарту жоспарланып отыр.

– Жалпы алғанда, Ислам Даму банкінен 2,7 млрд доллар қарыз алу жоспарда бар. Дегенмен бұл әлі келісу кезеңінде. Қаражаттың барлығы тозған ирригациялық жүйені жаңғыртуға және су қоймаларын реттеуге бағытталады, – деп түсіндірді Нұржігітов.

Сонымен қатар, министр Еуропа қайта құру және даму банкінен алынған қарыздың игерілу барысы туралы да айтып өтті.

– 2017 жылдан бері бұл банктен алынған 60 млрд теңгенің 55%-ы игерілді. Қалған 45%-ын 2025-2026 жылдары толық пайдалануды жоспарлап отырмыз. Бұл қарызды "ҚазСуШар" мекемесі тариф есебінен өтеуде. Қаражат Ақтөбе, Жамбыл, Түркістан облыстарындағы ирригациялық жүйелерді жаңғырту мен бетондауға жұмсалып жатыр, – деді ведомство басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу