Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Тіркелу ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында өтеді. КТ-ға тіркелу 2024 жылғы 10 қарашаға дейін жалғасады.
"Шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламаларының топтары бойынша бейінді магистратураға түсушілерден құжаттарды қабылдау осы жылғы 28 қазан мен 10 қараша аралығында жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарымен жүзеге асырылады. Тестілеудің өзі қараша-желтоқсан айларында өтеді. Өтініш беру кезінде түсуші тестілеуді тапсыру қаласын өз еркімен таңдайды. Түсушілер өтініштерді қабылдау мерзімі аяқталғанға дейін (10 қарашаға дейін) білім беру бағдарламаларының тобы, тілі және тестілеуді тапсыру қаласын өзгерту бойынша өтінішке өзгерістер енгізе алады. Тестілеуді өткізу күні туралы ақпарат оқуға түсушінің жеке кабинетінде 13 қарашада қолжетімді болады", – делінген министрлік хабарламасында.
Ғылыми-педагогикалық магистратураға түсу үшін кешенді тестілеу электрондық форматта өткізіледі және үш бөлімнен тұрады: шет тілі бойынша тест, оқуға дайындығын анықтауға арналған тест және білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест. Шекті балл – 75 балл.
Ал, бейінді магистратураға түсуге ниетті түсушілер білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест тапсырады. Шекті балл кемінде 30 балл, оның ішінде әрбір бейінді пән бойынша кемінде 7 балл.
Докторантураға түсу емтиханына тіркелу 2024 жылғы 10 қарашаға дейін жалғасады. Докторантураға түсушілер ДТЕ-ге қатысу үшін өтініш бергенге дейін жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының қабылдау комиссиясына құжаттарды тапсыруы қажет.
Докторантураға түсу үшін ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша мемлекеттік тілді меңгергенін растайтын сертификат және шет тілін меңгергенін растайтын сертификат ұсыну қажет. TOEFL ITP сертификаты бар тұлғалар ДТЕ басталғанға дейін ағылшын тілін білуге арналған қосымша тестілеуді тапсырады.
Егер түсушіге берілген өтінішке (тестілеуді тапсыру қаласы, білім беру бағдарламаларының тобы) өзгерістер енгізу қажет болған жағдайда, оған өтініштерді қабылдау базасы жабылғанға дейін (10 қарашаға дейін) өтінішті өңдеуге немесе өшіруге мүмкіндік беріледі.
Қосымша тестілеуді өткізу орны, күні мен уақыты туралы ақпарат түсушінің жеке кабинетінде осы жылғы 12 қарашада, түсу емтиханы бойынша ақпарат 21 қарашада қолжетімді болады.
Философия докторлары (РhD) бағдарламасы бойынша докторантураға түсу емтиханына әңгімелесу, эссе жазу және білім беру бағдарламасы тобының бейіні бойынша емтихан кіреді. Бейіні бойынша докторлар бағдарламасы бойынша докторантураға түсу емтиханы әңгімелесу және білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша емтихан сұрақтары бөлімдерінен тұрады.
Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша философия докторлары (РhD) бағдарламасы бойынша докторантураға білім алу үшін түсу емтиханынан кемінде 75 балл, бейіні бойынша докторлар бағдарламасы бойынша докторантураға – кемінде 50 балл жинаған тұлғалар конкурстық негізде қабылданады.