Бұл туралы Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев айтып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Қазіргі уақытта Туризм және спорт министрлігі Жәнібек Әлімханұлының командасымен байланыста. Өкінішке қарай, допингке қарсы ұйым одан мельдоний анықтауына байланысты жекпе-жек болмайды. Дегенмен, Жәнібек Әлімханұлының мәлімдемесіне сенеміз және оның допинг қабылдамағанына сенімдіміз. Ағзасына допингтің қалай түскенін допингке қарсы ұйыммен әлі де анықтау қажет, – деді ол БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Вице-министр көпшілікті атүсті қорытынды шығармауға, допингке қарсы тексерудің толық аяқталуын күтуге үндеді.
– Туризм және спорт министрлігі бұл жайттан тыс қалмайды. Жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Қажет болса, осы жайтқа құқықтық алаңда баға бере алатын халықаралық сарапшыларды тарта аламыз, – деді Серік Жарасбаев.
Ол мұндай жағдайда ең алдымен ресми ақпаратқа сүйену керегін айтты. Сондай-ақ, әр спортшының өзі қорғау тәсілі де, мүмкіндігі де бар екенін еске салды.