Министрлік: Семей полигонының 7 мыңнан астам ардагері біржолғы материалдық көмек алды

485

Еңбек министрлігінің хабарлауынша, жыл сайын жергілікті атқарушы органдар Семей сынақ полигонының ардагерлеріне атаулы күндерге немесе мереке күндеріне, оның ішінде ҰОС Жеңіс күніне (9 мамыр), Отан қорғаушылар күніне (7 мамыр), Семей полигонының жабылу күніне (29 тамыз) немесе Қазақстанның Тәуелсіздік күніне (16 желтоқсан) Әлеуметтік көмек көрсетеді.

Министрлік: Семей полигонының 7 мыңнан астам ардагері біржолғы материалдық көмек алды

Биыл біржолғы материалдық көмекті 7,6 мың ардагері алған, деп хабарлайды inbusiness.kz ведомство баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл көмек Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге көрсетіледі. Оларға ядролық сынақтарға тікелей қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ ядролық қаруды сынау салдарынан мүгедек болған адамдар және ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуы себебінен генетикалық жағынан олардың мүгедек болып қалған балалары жатады.

Әлеуметтік көмектің мөлшері әрбір өңірде жергілікті өкілді органдардың (мәслихаттардың) шешімі бойынша бюджеттің мүмкіндіктеріне қарай жеке-жеке белгіленетінін атап өту қажет.

Жоғарыда аталған санаттағы азаматтар ай сайын арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алады:

– ядролық сынақтар мен оқу-жаттығуларға тікелей қатысқан адамдарға –  6,19 айлық есептік көрсеткіш (19 685 теңге) ;

– егер аурудың, мүгедектіктің ядролық қаруды сынаумен себепті-салдарлық байланысы болса – 7,55 айлық есептік көрсеткіш (24 009 теңге).

Төтенше экологиялық жағдайлар салдарынан, оның ішінде ядролық жарылыстар мен сынақтар жүргізу кезіндегі радиациялық әсерден, олардың салдарынан алған мүгедектігі бар адамдарға себеп-салдарлық байланысы анықталған жағдайда мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалады:

– I топ – 2,81 ең төменгі күнкөріс деңгейі немесе 105 064 теңге;

– II топ – 2,40 ең төменгі күнкөріс деңгейі немесе 89 734 теңге;

– III топ – 2,01 ең төменгі күнкөріс деңгейі немесе 75 152 теңге.

Бұрынғы Семей облысының аумағында және Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарының полигонға іргелес аудандарында тұратын және тұрған азаматтар үшін ядролық сынақтардан келтірілген залал үшін біржолғы ақшалай өтемақы көзделген.

Өтемақы мөлшері тұратын аймағына, кезеңіне және өтемақы берілген күні қолданылатын айлық есептік көрсеткіштің шамасына қарай жеке айқындалады.

1996 жылдан 2021 жылға дейін аталған өтемақыны 16,5 млрд теңге сомасында 1,1 млн-нан астам адам алды. Сонымен қатар 2022 жылы өтемақы алуға тағы 265 адам жүгінді.

Сондай-ақ радиациялық қатер аумақтарында тұратын қазақстандықтардың радиациялық әсерден зардап шеккен адам мәртебесі болған кезде қосымша еңбекақы және жыл сайынғы ақы төленетін қосымша демалыс алуға құқығы бар.

Бұдан басқа, төтенше және ең жоғары радиациялық қатер аймақтарында 1949 жылғы 29 тамыз бен 1963 жылғы 5 шілде аралығындағы кезеңде кемінде 5 жыл тұрған адамдардың жасына байланысты зейнетақы төлемдерін жеңілдікпен тағайындауға құқығы бар (ерлер – 50 жас, әйелдер – 45 жас).

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу