Ақтөбедегі "Актеп" шаруа қожалығында болған жаппай уланудан соң өңірге ветеринария мамандары келді. Қазіргі уақытта тексеру, бақылауға келген мамандар бұл іске шаруашылықтың өзі кінәлі екенін баса айтып отыр, деп хабарлайды aktobenews.kz.
"Бұл шаруашылықтың қатесі. Негізі шөп бермес бұрын оның құрамын білу керек. Осы жағдайдан соң еліміздегі өзге шаруашылықтарға кеңесімізді береміз. Алдымен улы шөпті анықтайтын жақсы маман болуы керек. Сол маман мал азығын бақылап, тексеруге тиіс. Шаруашылық азықты өзі дайындағаны қауіпсіз. Бұл жерде жеке адамдар әзірлейді екен. Сақ болып, шөпті зертханадан өткізгенде ғана оқыс оқиға тіркелмейді", — деді ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Арман Өтеғұлов.
Мамандар "Актеп" шаруашылығының жайылымын тексереді. Қазір бұл Қопа, Бөгетсай ауылы маңындағы жайылымда барлығы 12 мың бас ірі қара бар.
"Біріншіден, шетелден әкелінген мал кез келген уақытта кез келген шөптен улануы мүмкін. Ол жақта мұндай шөп жоқ. Екіншіден, жайылым жер зерттелмейді. Улы шөптерді анықтау үшін жайылымды да назарда ұстау керек. Есекмияның бірер дәні малдың ғана емес, адамның өміріне қауіпті. Ұн дайындағанда 2-3 мг табылса, ұн жойылады. Малға да бермейді. Бардадан мал уланып, өлмейді. Ал улы шөптен қырылған да, қырыла да береді. Себебі, шаруалар жайылымға көңіл бөлмейді. Олар мамандарды шақырып, жайылымды тексертіп алуға ақша шығарғылары келмейді. Дәл осы көзқарас жалғаса берсе, әлі де тіркеледі. Әрбір 4 жылда тексерсе де жеткілікті. Негізі еті қауіпті емес. Шаруашылық асығыс шешім қабылдады. Тіпті мал азығына жіберуге болатын еді", — деді Мал шаруашылығы және ветеринария ғылыми-инновация орталығының директоры Әлжан Шамшадин.