"Артында екі баласы қалды": Ақтөбеде тікұшақ апатынан қаза тапқан офицердің аты-жөні белгілі болды

549

Қаза тапқан офицер мен зардап шеккендердің туыстары мен жақындарына жан-жақты қолдау көрсетіп жатыр.

"Артында екі баласы қалды": Ақтөбеде тікұшақ апатынан қаза тапқан офицердің аты-жөні белгілі болды Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Қорғаныс министрлігі ресми мәлімдеме жасап, Ақтөбедегі тікұшақ апатынан қаза тапқан және зардап шеккендердің аты-жөндерін атады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

– Ақтөбе облысындағы оқу-жаттығу ұшуы кезінде болған авиациялық апат салдарынан 1988 жылы туған Әуе қорғанысы күштері әскери институты авиациялық эскадрильясының офицер-нұсқаушысы майор Батыр Қайратұлы Оразымбетов қайғылы жағдайда қаза тапты, – делінген хабарламада.

Офицер Әуе қорғанысы күштері әскери институтын 2009 жылы "ұшақтар, тікұшақтар және авиациялық қозғалтқыштар" мамандығы бойынша бітірген. Қызмет барысында Әуе қорғанысы күштерінде түрлі лауазымдардан өткен. Ми-8 тікұшағын пайдалануда үлкен тәжірибесі бар, жалпы ұшу уақыты 500 сағаттан асады. Қызмет барысында жоғары кәсібилік пен адалдық танытқан. Биылғы жылдың көктемінде болған су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысқан. Мерейтойлық және еңбек сіңірген жылдары үшін медальдарымен марапатталған. Үйленген, артында екі баласы қалды.

– Апатты жағдайдағы қону кезінде зардап шеккен әскери институт авиациялық эскадрильясының командирі майор Бибарыс Ибраев пен оқу-жаттығу авиациялық орталығының аға ұшқыш-нұсқаушысы аға лейтенант Рүстем Нығметов қазір облыстық ауруханада жатыр. Жағдайлары тұрақты ауыр. Оларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде, – деп қосты ведомство баспасөз қызметі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу