Министрлік ТМККК-нің жаңартылған үлгісін таныстырды

792

Министрлік ТМККК-нің жаңартылған үлгісін таныстырды

ҚР денсаулық сақтау министрлігі тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің (ТМККК) жаңартылған үлгісімен таныстырды, деп хабарлайды ҚР ДСМ баспасөз қызметі.

Президент тапсырмасына сәйкес, оңтайландыру барысында медициналық көмектің құрылымын қайта қарауға, қымбат стационарлық көмектен тиімділігі жоғары профилактикалық медицинаға көшуге, диспансерлік бақылауды ауруды басқару бағдарламаларына трансформациялауға ден қойылып отыр.

Осыны ескере отырып, медициналық қамсыздандырудың үш деңгейлі жүйесі ұсынылды. Ол: жалпы жұртшылыққа арналған минималды әлеуметтік стандарт, яғни, ТМККК пакеті, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылғандарға арналған қызметтер пакеті, сондай-ақ, медициналық көмектің өзге қаржы көздерінен қаржыландырылатын қосымша көлемі.

Орталық коммуникациялар қызметі алаңындағы баспасөз маслихатында ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева жаңа үлгідегі ТМККК пакеті үш кезең бойынша енгізілетінін, атап өтті.

"Бірінші кезекте бұл - қолданыстағы ТМККК пакетінде қамтылған медициналық көмекке ревизия жасау және көмек тізімін нақтылау. Екіншіден, МӘМС жүйесін енгізе отырып, ТМККК-тің жаңа үлгісін дамыту, үшіншіден, медициналық технологиялардың үздіксіз дамуын ескере отырып, ТМККК және МӘМС пакеттерін тұрақты түрде жаңартып отыру",- дейді ол.  

Лязат Ақтаеваның айтуынша, ТМККК пакетінде бастапқы медициналық-санитарлық көмектің барлық түрлеріне кепілдік берілген. Оған: барлық азаматтарға арналған негізгі медициналық қызметтер, нысаналы топтарға арналған скринингтер, жүкті әйелдер мен 1 жасқа дейінгі балаларды қарау, созылмалы және әлеуметтік маңызы бар ауруларға шалдыққан тұрғындарды тұрақты бақылау т.б. жатады.

"25-мамырдағы мәліметтерге сүйенсек, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры келісімшартпен бекіткен емдеу мекемелеріне 310,7 млрд теңге қаржы төледі. Бұл халыққа кепілдендірілген медициналық көмек шеңберінде тегін қызмет көрсету жөнінде бекітілген келісімшарт сомасының 45 пайызына тең", - деді "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ басқарма төрағасы Елена Бахмутова.

2018 жылы кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде бекітілген келісімшарттардың жалпы сомасы 694 млрд теңгені құраған болатын. Қазіргі таңда қор 1463 медицина ұйымымен келісімшарт бекіткен. Оның 613-і - жекеменшік клиникалар. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу