ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жетекші мамандары акушерлік, гинекология және клиникалық эпидемиология салалары бойынша әдістемелік әрі практикалық көмек көрсету мақсатында Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сарапшылар тобының құрамына UMC Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының, Ұлттық акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының, Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларындағы жетекші босандыру ұйымдарының акушер-гинекологтары, анестезиолог-реаниматологтары мен эпидемиологтары енді.
Үш күндік сапар барысында мамандар өңірдегі 14 медициналық ұйымның жұмысымен танысты. Олардың қатарында облыс орталығындағы төрт стационар, бес қалалық емхана, Шу, Талас, Сарысу, Байзақ және Тұрар Рысқұлов аудандарындағы бес орталық аудандық аурухана, сондай-ақ Тараз қаласындағы медициналық колледж бар.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, сапар аясында жүкті әйелдерге, босанатын аналарға және жаңа туған нәрестелерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған кешенді шаралар ұйымдастырылды.
Мамандар клиникалық тексерулер жүргізіп, пациенттерге консультациялық көмек көрсетті, дәрігерлерге тәжірибелік қолдау білдірді. Сонымен қатар күрделі клиникалық жағдайларды талдап, жұмыс орындарында шеберлік сабақтарын өткізіп, өңірлік мамандармен тәжірибе алмасты.
Акушерлік және клиникалық эпидемиологияның заманауи тәсілдеріне арналған оқыту семинарларына Жамбыл облысының 140-тан астам медицина қызметкері қатысты.
Жұмыс сапарының қорытындысында өңірдегі медициналық ұйымдар басшыларымен кеңес өтті. Онда ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек облыстық перинаталдық орталықты жаңғыртып, кадрлық әлеуетті күшейту қажеттігін айтты.
Сапар барысында ауыр жағдайдағы пациенттерге практикалық көмек көрсетуге де басымдық берілді. Елдің жетекші реаниматологтары өңірлік дәрігерлермен бірлесіп науқастарға кеңес беріп, әрі қарайғы емдеу тактикасын айқындады.
Сондай-ақ сарапшылар жүкті әйелдердегі қауіп факторларын ерте анықтау, пациенттерді тиімді бағыттау және ана мен бала денсаулығын сақтау мақсатында пәнаралық өзара іс-қимылды күшейтуге қатысты ұсыныстарын жеткізді.