"Министрліктер өз ішкі тәртібін сақтауға БАҚ өкілдерін иліктірмек"

1275

Қазақстанда журналистер әр мекемеде шенеуніктер белгілеген ішкі тәртіпке бағынатыны жөнінде қолхат беруге міндеттелмек.

"Министрліктер өз ішкі тәртібін сақтауға БАҚ өкілдерін иліктірмек"

Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін аккредитациялау ережелеріне ұсынылып отырған түзетулерге қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Өзгерістер 2013 жылғы 21 маусымда қабылданған "Журналистерді аккредиттеу қағидаларын бекіту туралы" министр бұйрығына енгізіледі деп күтілуде. 
Дәурен Абаев өз министрлігінің осы құжатты толықтыруға қатысты бастамасына ақпарат құралдары өкілдерінің наразылығын еш негізсіз деп санайды. 
"Біз ешқандай қағиданы қатайтқалы отырған жоқпыз. Қағидалар бұрыннан бар, олар 2013 қабылданған. Біз тек аккредитациялауға қатысты екі жаңа пункт қосып отырмыз. Біріншісі – тіркейтін ұйымның ішкі тәртібін сақтайтыны туралы журналистің жазбаша келісімі. Меніңше, бұл қалыпты, жалпы қабылдаған тәжірибе. Мысалы, сіз музейге не кітапханаға келесіз, олардың өздері белгілеген тәртіптері бар, сіз әрдайым оларды сақтайсыз. Мемлекеттік органдар да сол сияқты. Олардың әрқайсысының өз регламенті бар. Оны орындау ешқандай қиындық әкелмейді", – деп мәлімдеді министр "Хабар" ұйымдастырған "Ашық диалог" алаңында. 
Оның айтуынша, екінші өзгеріске сәйкес, енді әр журналист БАҚ-пен жасасқан келісімін растайтын құжаттың көшірмесін міндетті түрде үнемі өзімен бірге алып жүруге тиіс.
Министрдің сендіруінше, бұл түзетуге "бірқатар бас редакторлардың өздері" бастамашы болыпты.
"Себебі, кейбір журналистер редакцияда жұмыс жасамайды, бірақ әлі күнге іс-шараларға сол ұйымның тілшісі ретінде тіркеліп, барып жүрген жағдайлар туындауда. Осы орайда "сонда әрбір аккредитациядан өткен сайын журналист еңбек келісімшартының көшірмесін ұсынып отыруы керек пе?" деген ренішті сөздер айтылуда. Біріншіден, бұл сипаттамаға жұмыс орнынан анықтама да, ақылы қызмет көрсету туралы келісім де, еңбек келісімшарты да кіре береді. Екіншіден, оны әр тіркелген сайын ұсыну керек емес. Аталған қағидаларда "Журналистерді аккредиттеу бір жыл мерзімге жүзеге асырылады" деп анық жазылған. Бұл журналист үшін де, мемлекеттік орган үшін де рәсімді жеңілдетеді", – дейді Дәурен Абаев.
Бірақ министрліктердің өздері журналистерді бірден бір жылға емес, әр іс-шара ұйымдастырылған сайын жеке тіркейді. Онда не болмақ? Бұдан басқа да сұрақтар жауапсыз қалуда. Сондықтан бастама ақпарат құралдарының өкілдері тарапынан сынға ұшырап жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу