"Мінсіз емеспін": Досаев неге ағынан жарылды?

855

Дауасыз Досаев.

"Мінсіз емеспін": Досаев неге ағынан жарылды? Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімі қазіргі қызметі туралы "мінсіз емеспін" деп, ағынан жарылды. Араға уақыт салып кездесулерін қайта жаңғыртқан ол халықпен қауышудан шаршамадым дейді. Тек форматын өзгерткеніне ақталғандай болды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Бірақ міндетті түрде 1 жылда әр ауданға 4 рет баратынын айтты. Ал халықтың қояр сауалы неліктен бітер емес? Дүйім жұртты қандай мәселелер алаңдатады?

Кездесулерді тоқтатпадым. Мен мінсіз емеспін. Досаевтың бүгінгі кездесуі қызық өтті. Халық көрінбей кеткен қала басшысын асыға күтсе керек. Кездесу өткізбей кеткенін айтып, шағымданып алды. Ал тұрғындардың бірі Алматы тізгінін ұстаған 2 жылда қандай жетістікке жеттіңіз деп сұрақты төтесінен қойды. Досаев тосылмады. Сауалға салған жерден былай жауап берді. Жоспарлағанының барлығын орындай алмағанын мойындады.

"Мәселе менің сезімімде емес, азаматтардың еңбегімді бағалауында. Егер осы жиналыс және алдағы болатын кездесулерде менің жасағандарым мақұлданып жатса, онда менің өз орнымда дұрыс отырғанымды білдіреді. Демек, мен жұмысымды сапалы орындауға тырысып жатырмын. Біз еститін мемлекетпіз. Әрқашан өтініштеріңізді алға жылжытуға тырысамыз. Адамбыз, біз мінсіз емеспіз, мен де әкім ретінде мінсіз емеспін", - дейді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Кездесуде Алматыдағы ұзынсонар кептеліс, көшедегі дәретханалардың жоқтығы, заңсыз құрылыс жайлы сұрақтар қойылды. Дегенмен, олардың қалай шешілетіні енді уақыт еншісінде. Өйткені, әр кездесуден соң мегаполисте жағдай түбегейлі өзгерді деуге ауыз бармайды, деді тұрғындардың бірі. Ол осымен үшінші рет қала әкімінің алдына келіп тұрғанын айтып шамданды. Бірақ Ерболат Досаев мәселе шешудің орнына, әдеттегідей онымен айтысып кетті.

Дауға дайын тұратын Досаев Алматының 8-ші әкімі. Бұған дейінгі 7-еуінің ішінде дәл бұлай кездесуге келгендермен сөз таластырып, сұраққа сұрақпен жауап қайтаратыны болмаған сияқты. Мегаполисте мінсіз әкім бола да қоймайтын шығар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу