Еліміздің кинотеатрларында көрсетілімге шыққан "Міржақып. Оян, қазақ" фильмінің прокаты тағы бір аптаға созылды, деп хабарлайды Inbusiness.kz.
Бұған дейін әлеуметтік желіде аталған фильмді кинотеатрлардан көрсету тоқтатылғаны туралы мәлімет тараған еді. Көп ұзамай фильмнің режиссері Мұрат Есжан Facebook-тегі парақшасында жағымды жаңалығымен бөлісті.
"Қалың көрерменнің қалауы болып, "Міржақып. Оян, қазақ" фильмінің кинотеатрлардағы көрсетілімі тағы бір аптаға ұзартылды. Енді талабымызға қадамымыз сай боп, келесі аптаны да аншлаг жасайық. Кинотеатрлар да сұранысты көрді ғой, мүмкін сеанстар санын бұдан да ұлғайтар. Мемлекеттің жұмсаған қаржысы ақталған алғашқы тарихи жоба болса деген тілек бар", — деп жазды режиссер.
Оның айтуынша, аталған фильм 100% мемлекеттік бюджетке түсірілген.
Айта кетсек, "Міржақып. Оян, қазақ!" фильмі 21 қыркүйектен бастап қалың көрерменге жол тартқан еді.