Митинг ұйымдастырғандар жауапқа тартылады

588

Алматының бас санитарлық дәрігері жаза қылмыстық іс қозғауға дейін қатаңдатылатынын айтты.

Митинг ұйымдастырғандар жауапқа тартылады

Жандарбек Бекшин халықты көпшілік жиналатын шаралар ұйымдастырмауға шақырды. 

"Індетті жұқтырушылар статистикасы пандемия ауқымының әлі де азаймағанын көрсетеді. Осыны ескере отырып, қаланың бас санитарлық дәрігері әрі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына жол бермейтін жауапты адам ретінде, соңғы кездері әлеуметтік желілерде тарап жатқан адамдар көп жиналатын бұқаралық шаралар мен митингке шақыруға болмайтынына назар аударамын. Қалада  эпидемия әлі де жалғасып жатқан кезде адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіру барып тұрған жауапсыздық.
Өйткені, митингтер жұқтыру ошағы болып табылады. Егер, мұндай бұқаралық шаралар індетті жұқтыруға себепші болса, онда митингтерді ұйымдастырушылар заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады, тіпті қылмыстық іс қозғалады", - деді бас санитарлық дәрігер. 

Сонымен қатар ол хаттамаға сәйкес карантин режимінде жаппай жиындарға қатысқан азаматтарды санитарлық-эпидемиологиялық қызметкерлер тіркеп, видеотүсірілім жүргізетінін ескертті. Бұл шараға қатысушылар санын есептеп, жұқтыру ошағының эпидемиологиялық тексеруін одан ары жүргізіп, коронавирустың таралуының алдын алу үшін қажет. 

"Бұқаралық  шараларға, митингтерге  қатысушылар коронавирус жұқтырудың эпидемиялық тізбегін құрайды. Осының салдарынан індет сіздің үйіңізге, отбасыңызға тарайды, ең алдымен балаларға және қарт адамдарға қауіп төндіреді. Міне, сондықтан мен бұрындары Алматы қаласының аумағында түрлі бұқараларық шараларды өткізуге тыйым салу жөнінде қаулы қабылдаған едім",- деген бас санитарлық дәрігер қарт адамдар мен бұрыннан сырқаты бар жандарды адамдар көп жиналатын жерлерден аулақ жүруді сұрады. Өйткені олар індетті тез жұқтыратындар санатына жатады. 

"Жаппай жұқтыру қаупінің болуы мүмкін екендігін ескере отырып, тиісті қызметтерден адамдар көп жиналатын орындарға  дезинфекция жүргізуді күшейтуді талап етемін. Менің талаптарым мен өтініштерім қаланың әр тұрғынының денсаулығын қорғау мен санитарлық-эпидемиологиялық жағдайларды жақсартуға негізделген", - деді ол. 

Алматыда коронавирус жұқтырғандар саны артуда. Тек өткен тәулікте ғана 49 науқас анықталды, ал бір апта ішінде – 334 жағдай тіркелді. Осылайша, Алматыда барлығы 2790 оқиға тіркеліп, 10 адам қайтыс болды.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу