Мобильдік аударым дегеніміз не?
Бұл жеке қажеттілікке арналған, кәсіпкерлік мақсатта қолданылмайтын, салық салынбайтын аударым түрі. Дегенмен, кәсіпкерлер арасында салық төлеуден жалтару мақсатында мобильдік аударымдарды пайдалану жиілеп кеткен.
Бақылаудың негізгі өлшемшарты қандай?
Ай сайын 100 немесе одан да көп түрлі адамдардан (100 жеке тұлғадан) 3 ай қатарынан мобильдік аударымдар қабылдаған жағдайда ғана Мемлекеттік кірістер комитеті камералдық бақылау жүргізеді. Бұл ретте "100 рет" емес, дәл 100 жеке тұлғадан аударым алу фактісі маңызды.
Қаржы министрлігі Ұлттық банкке қосымша ұсыныс берді.
Егер 100 жеке тұлғадан түскен мобильдік аударымдардың жалпы сомасы 3 ай ішінде 255 мың теңгеден асса ғана заңбұзушылық болып есептеледі.
Мұндай шаралар ұсақ төлемдерді (мысалы, 100 теңгеден жасалған аударымдар) бақылаудан шығарып тастауға бағытталған.
Бұл ереже шағын сомалармен табыс тауып жүрген азаматтарды емес, айтарлықтай кіріс алып отырған кәсіпкерлерді анықтап, салықтық міндеттемелерін орындауға шақыруды көздейді.
Қазіргі таңда бұл норма заңды күшіне енген жоқ және Ұлттық банкпен келісу сатысында тұр. Маман бұл жаңалықтың әлі талқылау кезеңінде екенін атап өтті.