Мобильдік аударымдарға қатысты өзгерістерді қарапайым сөзбен түсіндіру

840

Егер қандай да бір азаматтың жеке шотына үш ай бойы үздіксіз айына кем дегенде 100 түрлі адамнан "перевод" арқылы ақша түсіп отырса, кірістер комитетінің өкілдері бақылауға алады. Яғни, мамандар ол ақша бизнесінен түсіп отырған қаражат па, әлде басқа мақсатта түскен қаржы ма, соны анықтайды. Егер ол азаматтың расында кәсіпкерлік жолмен тауып отырған ақшасы екені дәлелденсе салық төлеуге міндеттеледі. Бұл туралы Қаржы министрінің кеңесшісі Айбар Төлжанұлы хабарлады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Мобильдік аударымдарға қатысты өзгерістерді қарапайым сөзбен түсіндіру

"Ал бір адам басқа біреуге күніге 10 рет "перевод" жасай ма, 100 рет пе, өз еркі. Мысалы, біреуге туған күніне немесе қарызға (құдалыққа, тойға, т.с.с жеке мақсаттарға жіберіп отырған ақшаға) ешкімнің дауы жоқ", – дейді ол.

"Бірден айтайық, "каспи" арқылы болсын, өзге де банктер арқылы болсын перевод жасап отырған адамның жеке ақпаратына ешкім қол сұқпайды", – дейді кеңесші.

Заң бойынша осы жылы тек мемлекеттік қызметтегі азаматтар бақыланады (01.01.2022 бастап мемлекеттік қызметкерлер, жұбайлары мен мемлекеттік қызметке теңестірілген адамдар мен жұбайы). 

Ал екінші кезеңде 01.01.2023 бастап бюджет сала қызметкерлерінің, олардың жұбайы мен квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері мен жұбайының аударымдары бақыланады. 

01.01.2024 бастап заңды тұлғалар, оның құрылтайшылары, олардың жұбайы мен жеке кәсіпкерлер (жұбайы да) бақыланады. 

01.01.2025 бастап басқа азаматтар. Яғни бүкіл ел азаматының аударымдары бақыланады. 

"Ал қазір адал салық төлеп отырған түрлі кәсіп иелерінің аударымдарына бұл жүйенің қатысы жоқ. Сондықтан бұл өзгерісті "ел бюджетіне адал салық төлеу үшін жасалған игі іс" деп қабылдауымыз керек", – дейді Төлжанұлы. 

"Жалпы салығын адал төлеп отырған кез-келген азаматтың ешбіріне ешқандай артық тексеріс, бақылау болмайды. Әскерге барып Отан алдындағы борышымызды өтеу әрбір азаматқа парыз болатын болса, салық төлеу де Ата заңымыз бойынша әрбір азаматтың борышы екенін ұмытпайық. Салықты уақытылы төлесек Ел бюджетінде тапшылық болмайды. Уақытылы жолдар салынып, мектеп, аурухана, балабақша да уақытылы тұрғызылады. Яғни әр азамат салық төлеу арқылы өз елінің көркеюіне үлес қосады. Сайып келгенде төлеп отырған кез-келген салық өз игілімізге жұмсалады", – деп қосады ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу