Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында қайтарылған заңсыз иемденілген активтер есебінен ауыз су жүйесін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Биыл жүзеге асырылып жатқан жоба аясында алты елді мекенді тәулік бойы сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету көзделген. Оған 7 млрд теңге бөлінген.
Қазір Мойынқұм, Құмөзек, Бірлік, Биназар, Шығанақ ауылдары мен Мыңарал станциясында құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Жоба аудан прокуратурасының бақылауында.
Жұмыс барысында су нысандары жаңғыртылып, су жинау резервуарлары тазартылуда, жаңа сорғы қондырғылары орнатылып, инженерлік инфрақұрылым жаңартылуда.
Жоба толық аяқталғаннан кейін 16 мыңнан астам тұрғын ауыз суды тәулік бойы үздіксіз пайдалана алады. Бұған дейін кей ауылдарда су белгіленген уақыт бойынша ғана берілген.
Жаңғырту жұмыстары тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырып, санитарлық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді.