Жамбыл облысы Байзақ ауданына қарасты Жетібай ауылының тұрғындары "Мөлдір бұлақ" экологиялық акциясына қатысты. Жергілікті ақсақалдардың бастамасымен ауыл тұрғындары жақын маңдағы бұлақ көздерінің аумағын тазалап, абаттандыру жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Акцияға Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасымен құрылған "Болашақтың қайнары" атты су саласындағы алғашқы еріктілер қозғалысына қабылданған жергілікті мектеп оқушылары да қосылды. Іс-шара кезінде бұлақ көздерінің табиғи арнасы ашылып, қалпына келтірілді, сондай-ақ аумақ қоқыстан тазартылып, көшет отырғызылды.
"Ауыл тұрғындары "Мөлдір бұлақ" акциясы туралы жаңалықтар мен әлеуметтік желілерден білді. Осыны естіген соң, жастарға үлгі көрсету үшін белсенді қатысуға шешім қабылдадық. Біздің ауылдың өзі бұлақтардың ортасында орналасқан, сондықтан су көздерін сақтау біз үшін ерекше маңызды. Бұл акцияның тәрбиелік мәні өте жоғары. Біз осы арқылы жастарға табиғатты қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыруды үйретеміз. Бұл жер алдағы уақытта ауылдың көрікті орталықтарының біріне айналады деп сенеміз", – деді Жетібай ауылының ақсақалдар кеңесінің төрағасы Марат Қошқарбаев.
"Қазақ халқы ежелден-ақ су көзін таза ұстауды, оны ластамауды дәстүрге айналдырған. Бұл – ата-бабадан қалған аманат. Біз – аға буын, сол дәстүрді кейінгі ұрпаққа жеткізуіміз керек. Бұл тек экология емес, тәрбие құралы. Табиғатты сақтау – ұрпаққа қалдыратын ең үлкен мұра", - деді Жетібай ауылының ақсақалы Қалмахан Бекмағамбетов.
Еске салайық, Мемлекет басшысының "Таза Қазақстан" бастамасы аясында Су ресурстары және ирригация министрлігі "Мөлдір бұлақ" экологиялық акциясын ұйымдастырған болатын. Биыл наурыз айында өткен алғашқы кезең Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Жетісу облыстарын және Шымкент қаласын қамтыды.