Бұл Конституцияға сәйкес, министрлер кабинетінің толық құрамының отставкаға кетуін білдіреді, деп хабарлайды inbusiness.kz ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
"Премьер-министр болған бір жарым жылдан кейін менің отставкаға кететінімді жариялайтын кез келді", - деген Гаврилица бұл шешімінің себебін айтудан бас тартты.
Ол өз сөзінде министрлер кабинетінің сыбайлас жемқорлықпен күрес, еуропалық интеграция, сот жүйесін реформалау, энергетикалық дағдарысқа қарсы тұру және аймақтағы күрделі жағдай бойынша жетістіктеріне тоқталды.
Премьер-министр брифингінің алдында президент Майя Санду әкімшілігінде кездесу өтіп, оған үкімет мүшелері мен парламентті бақылайтын еуропалық әрекет пен ынтымақтастық партиясының өкілдері қатысты.
Молдова президенті Майя Санду премьер-министр Гаврилица бастаған ел үкіметінің отставкасын қабылдады.
"Мен премьер-министр Наталья Гаврилицаның отставкаға кетуін назарға алдым. Заңды рәсімдер өткізіліп, премьер-министр отставкаға кеткеннен кейін мен парламенттік фракциялармен консультациялар өткіземін, содан кейін премьер-министр лауазымына кандидатты ұсынамын", - деп жазды Санду Facebook-тегі парақшасында.
Наталья Гаврилица басқарған үкімет 2021 жылдың тамызында мерзімінен бұрын өткен сайлауда жеңіске жеткен еуропашыл әрекет және ынтымақтастық партиясымен құрылған. 2022 жылдың маусымында Молдовада оппозицияның наразылық шерулері басталды. Митингтерде сөз сөйлеген азаматтар газ және басқа да энергетикалық ресурстар, жанар-жағармай, азық-түлік бағасының бұрын-соңды болмаған деңгейде қымбаттауына, сондай-ақ өмір сүру деңгейінің төмендеуіне наразылық білдірді. Билік оппозиция өкілдеріне саяси қысым жасағаны үшін де сынға ұшыраған болатын.