Сайлау учаскелері жексенбі, 3 қарашада жергілікті уақыт бойынша 21:00-де жабылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлау учаскелерінде 1,7 миллионға жуық адам, яғни сайлаушылардың 54,2 пайызы дауыс берген.
Молдовадағы сайлаудың екінші кезеңінде қазіргі Молдова басшысы Майя Санду алдын-ала мәліметтер бойынша 55,2% дауыс жинап, ресейшіл партияның өкілі Александр Стояноглоны жеңді.
Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен Молдованың қазіргі президенті Майя Сандуды президенттік сайлаудың екінші турындағы жеңісімен құттықтады.
"Осы сайлауда кездескен қиындықтарды жеңу үшін көбіне беріле бермейтін ерекше күш қажет", – деп жазды ЕК басшысы Х әлеуметтік желіде.
"Мен Молдова мен оның халқының еуропалық болашағы үшін сізбен жұмыс істеуді асыға күтемін", – деп қосты Фон дер Ляйен.
Франция президенті Эммануэль Макрон да Сандуды қайта сайлануымен құттықтап, демократия "барлық қиындықтар мен тосқауылдарды еңсере алды" деді. Румыния премьер-министрі Марсель Чолаку еуропашыл президенттің жеңісі "Молдова халқының демократияны қорғауға және ЕО-ға кіру жолын қамтамасыз етуге деген ерік-жігерінің айқын дәлелі" деп атап өтті.
Польша үкіметінің басшысы Дональд Туск та Молдовадағы сайлау нәтижелеріне қатысты пікір білдірді. Тусктің айтуынша, қазіргі президент Ресейдің "президенттік сайлауға агрессивті әрі белсене араласуына" қарамастан, "Мәскеу фаворитін" жеңе алды. Польша премьер-министрі бұл үрдіс "таяу күндер мен айларда" басқа елдерде де жалғасатынына үміт білдірді.