Молдовадағы ресейлік кәсіпорын иесін өзгертіп санкциялардан жалтарған

385

Ресейлік компания Молдовада авиациялық қозғалтқыштарға арналған компоненттер мен оларды өндіруге арналған жабдықтар шығаратын компанияны сатып алды. 

Молдовадағы ресейлік кәсіпорын иесін өзгертіп санкциялардан жалтарған Фото: NOKTA.md

Кишиневте орналасқан "Топаз" зауыты мен оған тиесілі 5 га жер учаскесіне қатысты ақпаратты жергілікті Jurnal TV телеарнасы таратты, деп жазады inbusiness.kz.

"Топаз" зауыты — "Объединенная двигателестроительная корпорация" АҚ (ОДК) еншілес кәсіпорны, ол өз кезегінде Ресейдің "Ростех" мемлекеттік корпорациясына кіреді. Украинадағы жағдайларға байланысты концерн ЕО мен АҚШ-тың санкцияларына ұшырады. Жақында концерннің шетелдік кәсіпорындарының бірінің иесі өзгерді, сарапшылар мұны санкциялардан қашу амалы деп топшылап отыр.

Молдова бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, зауыт 9 қазанда ақша жымқыру ісі бойынша шартты түрде бес жылға сотталған даулы кәсіпкер Аркадий Топалоға сатылған. Басылым өзінің дереккөздеріне сілтеме жасай отырып, құны €40 млн асатын зауыт €16 млн сатылғанын хабарлады. Аталмыш мәмле бірден Ұлттық қаржы нарығы комиссиясының (ҰҚНК) назарын аударды, ол директорлар кеңесінің рұқсатынсыз меншік иесін ауыстырған компаниялардың жұмысын тоқтатуға бұйрық берді.

"Зауыт сатылымға шығарылған алғашқы аукцион осы жылдың мамыр айында өтті. Оған екі компания қатысты. 9 қазанда зауыт 16 миллион еуроға ресейлік кәсіпкер Денис Иполитов басқаратын "Бизнес Брокер Қаржы" компаниясына сатылды. Иполитовтың артында Демпартияның бұрынғы жетекшісі олигарх Владимир Плахотнюкпен ауыз жаласқан Аркадий Топало тұр деп болжануда", — деп түсіндіреді Jurnal TV.

Басылым сонымен қатар Топало "Ресей Федерациясы Молдовадағы өз адамдарын қаржыландыратын негізгі делдалдардың бірі" деп мәлімдейді.

Естеріңізге сала кетейік, Молдова президенті Майя Санду Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде "Ресейлік гибридтік қауіп" туралы айтқан болатын. Оның айтуынша, Мәскеу жағдайды тұрақсыздандыру, ішкі саясатқа ықпал ету, сондай-ақ республиканың сыртқы еуропалық векторын өзгертуге тырысу мақсатында ел ішіндегі белгілі бір саяси күштерді қаржыландырып келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу