Моңғолия билігі Үкіметтің отставкаға кету мәселесі талқыланбағанын мәлімдеді

660

Ұлан-Батырдағы жаппай наразылықтарға байланысты өткен Моңғолия Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Үкіметтің отставкаға кетуі мен Парламенттің таратылуы туралы мәселе талқыланбаған. 

Моңғолия билігі Үкіметтің отставкаға кету мәселесі талқыланбағанын мәлімдеді Фото: tass.ru

Бұл туралы елдің Премьер-Министрі Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнэ сейсенбіде өткен баспасөз мәслихатында хабарлады, деп жазады inbusiness.kz "ТАСС" агенттігіне сілтеме жасап.

"Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында соңғы жайттарға байланысты пікір алмасу өтті. Мұнда Үкіметтің отставкаға кетуі мен Парламенттің таратылуы талқыланбады. Президент егер халық қолдайтын болса, онда жүйелі реформаларды қолдауға дайын екенін жеткізді", - деді Моңғолия үкіметінің басшысы.

Ол дүйсенбі күні наразылық білдірушілердің 20-ға жуық талап қойып, ұсыныстар тастағанын айтты. Оның ішінде сайлау жүйесін реформалау мәселесі де бар. Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнэ саяси партиялар және қоғамдық ұйымдардың жетекшілерімен бірге реформаларды талқылауға ниетті екенін жеткізді.

Бұдан бөлек Премьер-Министрдің хабарлауынша, көмірді жаппай ұрлауға қатысы бар адамдар Ұлан-Батырдағы наразылық акцияларын өз мақсаттары үшін пайдалануға тырысқан.

"Наразылық кезінде қала тұрғындары көмір ұрлауға қатысы бар жемқорлардың есімдерін атауды талап етті. Бірақ та, ұрылар кешегі наразылықтарды саясиландыруға тырысты, сол себепті халық бұл мәселеде аса сақ болуы қажет. Мен өз күресімнен бас тартпаймын", - деп атап өтті саясаткер.

Еске салайық, осыған дейін Ұлан-Батырдағы жемқорлыққа қарсы наразылық акциялары туралы жазған болатынбыз.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу