Моңғолиядан келген қандастар құжаттарын өткізе алмай сандалып жүр

601

ІІМ түсініктеме берді.

Моңғолиядан келген қандастар құжаттарын өткізе алмай сандалып жүр Фото: inbusiness.kz

Әлеуметтік желіде Моңғолиядан Павлодар облысының аумағына қоныс аударған қандастарымыздың құжаттарын заңдастыру мәселесі бірнеше күннен бері талқылануда. 

Өңірлік полиция департаментінің көші қон қызметі қандастардың туу туралы куәлігі, паспорты, соттылығы жоқ деген анықтамалары міндетті түрде заңдастырудан өткеннен кейін ғана қабылданатынын жеткізген. Осы мәселеге орай, "Отандастар" қоры Ішкі істер министрлігінің түсіндірмесін хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.

Виза ұзарту, тұрақты тіркеуге рұқсат алу және ықтияр хат рәсімдеу барысында қиындықтар көші-қон саласында болған біршама өзгерістерге байланысты туындаған. Талап бойынша, ҚР мемлекеттік органдары шетел мемлекеттерінен келген азаматтардың құжаттарын міндетті түрде заңдастырылған кезде ғана қабылдайды.

"Моңғолия елінің азаматтары Гаага конвенциясына сәйкес, құжаттарына апостиль қойдырып алып келген жағдайда, қайтадан заңдастыру қажеттілігі жоқ. Алайда, Моңғолиядан Павлодар облысының аумағына қоныс аударған қандастарымыздың құжаттарында апостиль қойдырылмағандықтан, өңірлік полиция департаментінің көші-қон қызметі құжаттардың заңдастыруын заңға сәйкес талап еткен", деп жазылған түсіндірмеде.

Ішкі істер министрлігінің сендіруінше, Павлодар облысындағы қандастардың құжаттарын заңдастыру мәселесі облыстық полиция департаментінің көші-қон қызметінің қолдауымен алдағы уақытта өз шешімін табады.

Дегенмен ІІМ болашақта мұндай мәселелер қайталанбау үшін, Моңғолиядан және басқа елдерден Қазақстанға қоныс аударар алдында барлық құжаттарға (туу туралы куәлігі, паспорты, неке куәлігі, соттылығы жоқ деген анықтама) міндетті түрде апостиль қойдырып алуды сұрап отыр. 

"Болмаған жағдайда, Қазақстанға келгенде құжаттарыңызды Моңғолия Елшілігіне барып растап, одан кейін ҚР Сыртқы істеп министрлігінің Консулдық қызметінде заңдастыруларыңыз қажет болады. Ал ол өз алдына уақыт пен қаржы шығындарын талап ететінін ескертеміз", – деп жазылған хабарламада. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу