Мониторингтік топқа мойынсұнбайтындар бар

1337

Жуырда карантин заңдылығын қадағалап жүрген мониторингтік топ мүшелері облыс орталығында орналасқан кафе, түнгі клубтарды тексеру кезінде кездейсоқ жайтқа куә болған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Мониторингтік топқа мойынсұнбайтындар бар

Айтуларынша, "Ален" түнгі клубының күзетшілері мониторингтік тобты бақылау камерасынан көрісімен, есікті тарс бекітіп алыпты. Ішіндегілерін қамап, сырттағы бақылаушыларды кіргізбеген олар түнгі сағат 12-ге дейін қасарысып отырып алыпған. Тіпті полиция, әкім орынбасарына да есік ашпаған олардың бұндай бассыз тіршілігін қарапайым жұрт дөрекілікке балап жатыр.

Оқиға облыс орталығындағы түнгі клубта орын алып, оны әлеуметтік желіде карантиндік режимді бұзушыларды анықтайтын мониторингтік топ мүшелерінің өздері сипаттап берді.

"Ален" түнгі клубына кіре алмадық", - деп жазады Сәбит Сұлтан.

"Олар мекемені ішінен жауып тастады. Полиция қызметкерінің ашу туралы талаптары да орындалмады. Клубтың күзет қызметкерлері камерадан бақылау тобын көріп, мекемені жауып, адамдарды түнгі 12-ге дейін босатпай, мекеме ішінде ұстады", - дейді топ мүшесі.

Мониторингтік топ мүшелері ішке кіру үшін клубқа полицияны шақырған. Бірақ оның да талабын күзетшілер місе тұтпаған. 

"Біз ресми түрде 102 нөміріне қоңырау шалып, патрульдік полицияны шақырдық. Қала әкімі орынбасарының өзі келді. Онымен бірге қалалық полиция басқармасы басшысының орынбасары келді. Мекеме иелері тарапынан ешқандай реакция болған жоқ. Олар адамдарды түнгі 12-де босатты. Мен бұлардың қылығын түк түсінбедім", - деп налиды С.Сұлтан.

Мониторингтік топтың тағы бір мүшесі Динара Эшатова: "Мұндай жағдайларда не істеу керек деген алгоритм бізде, басқа қалалардағыдай, пысықталмаған. Жоғарыдағылармен байланысы барлар осылайша заңды бұза береді", - дейді.

Айтпақшы, клубта қамауда қалғандар топ мүшелеріне ондағы болып жатқан жағдайларды суретке түсіріп жіберіпті. Суреттерде келушілердің кальян тартып отырғаны, оларға қызмет жасап жатқан даяшы, бармендерді көруге болады.

"Тыйым салса да емін-еркін қызмет көрсетіп жатқанына қарағанда "крышасы" мықты дөкейдің меншігіндегі мекеме екені көрініп тұр",– дейді желідегі жұрт. 

""Ален" кафесін тексеру барысында мекеме әкімшілігі есіктерін ашпай, мониторингтік топ өкілдерін жібермеді, осылайша олардың заңды талаптарын елемеді. Осыған байланысты кафе иесіне, әкімшісіне және күзетшісіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 443-бабының 1-бөлігі (қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын адамның заңды талабына бағынбау) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұл салынды",– деді қалалық полиция департаментінен. 

Түнгі тірлігін осылайша жалғастырған клуб иесі енді қомақты айыппұлмен, әкімшілік жазамен ғана құтылмақ.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу