Монополист компаниялар заңсыз түрде 29 млрд теңге көлемінде пайдаға кенелген. Құзырлы органдар тексеру барысында, энергиямен жабдықтаушы кәсіпорындар, негізсіз жоғары тарифтерді қолданғанын анықтаған. Соған сәйкес, қолдан жасалған шығындарды тұтынушылар есебінен жауып келген.
Дәл осындай жағдай еліміздің бірқатар өңірінде тіркелді. Бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың айтуынша, бұған жауапты екі ведомстаның, атап айтқанда, ұлттық экономика және энергетика министрлігінің басқару шараларын жөнді жүргізбеуі ықпал еткен. Мәселен, 3 жылда уәкілетті органдар тұрғындарға тек 3,7 млрд теңге көлемінде өтемақы берген.
Ал прокуратура болса, бір тексеріс барысында аталған сомадан 8 есеге көп заң бұзушылықты анықтаған. Нәтижесінде, электр қуатын қолдан қымбаттатқан 15 лауазымды тұлға жазаланып, 10 қылмыстық іс қозғалған.