Монополиялық үстемдікті анықтаудың жаңа өлшемшарттары енгізіледі. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Сіздердің қарауларыңызға "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң жобасы ұсынылып отыр. Ол Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру үшін негізгі тауар нарықтарын монополиясыздандыру мақсатында әзірленді", – деді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметов.
Спикер монополиялық тауар нарықтарындағы бағаны бақылауды күшейтуге қатысты тоқталып өтті.
"Біз бәсекелестік тауар нарықтарындағы бағаны бақылаудан біртіндеп кетеміз. Бұл – азық-түлік нарықтары, бөлшек сауда және қызмет көрсету нарықтары. Сонымен қатар, монополиялық нарықтарды бақылауға басты назар аударылатын болады. Бұл отын-энергетика кешені, көлік және байланыс нарықтары. Мұнда біз монополиялық жоғары бағаны анықтау үшін тергеп-тексеруге шығуды жеңілдетеміз. Нарыққа басқа да қатысушылардың бағасынан асып түсу туралы талапты жоямыз. Цифрлық нарықтардың әсерін ескере отырып, үстемдікті анықтаудың жаңа өлшемшарттарын енгіземіз", – деді спикер.