Мораторий аяқталғаннан кейін жаппай тексерулер болмауы керек – Премьер-Министр

307

"Адал кәсіпкерлердің алаңдауына еш негіз жоқ".

Мораторий аяқталғаннан кейін жаппай тексерулер болмауы керек – Премьер-Министр Фото: primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов "24KZ" телеарнасына берген сұхбатында 2024 жылы бизнесті тексеруге мораторий алынып тасталғаннан кейін қазақстандық кәсіпкерлерді не күтіп тұрғаны туралы айтты, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Шағын және орта бизнес кез келген елдің экономикасы мен тұрақтылығының негізі. Сондықтан мемлекет қолайлы бизнес-ортаны құруға үлкен мән беріп отыр.

"Біз бизнес қауымдастықпен бірлесіп, кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін шектен тыс талаптарды анықтау бойынша үлкен жұмыс атқардық. Нәтижесінде 10 мыңнан астам негізсіз талапты анықтадық. Бүгінде оның 9 мыңының күші жойылды. Қалғаны келер жылдың басында Парламентте тиісті заң қабылданғаннан кейін алынып тасталады", — деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, тәуекелдерді басқару жүйелерін автоматтандыру бойынша да жұмыстар жүргізілді.

Бұл адами факторды жоя отырып, тексерулерді жоспарлауға мүмкіндік береді.

Нәтижесінде олардың саны 2 есеге қысқарады.

Жалпы заңға бағынатын кәсіпкерлерге әкімшілік қысым азаяды.

"Осылайша, мораторий аяқталғаннан кейін елде жаппай тексерулер болмауы керек. Адал кәсіпкерлердің алаңдауына еш негіз жоқ", — деді Премьер-Министр.

 Үкімет басшысының айтуынша, шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі ЖІӨ-нің 36,5%-ына дейін өсті.

Биылдың өзінде мұнда жұмыспен қамтылғандар саны 500 мыңға артып, 4,3 млн адамға жетті.

Өсу қарқыны шамамен 14% құрады.

"Бұл ретте біздің алдымызда орта мерзімді перспективада ШОБ үлесін ЖІӨ-нің 40%-ына дейін арттыру міндеті тұр. Бұл еліміздің одан әрі тұрақты дамуына негіз болады", — деп түйіндеді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу