МС Сайлаубекті сынақ кітабына енгізген автор жұрттан кешірім сұрады. Саудияда білімін жетілдіріп жатқан Серікболсын Дүйсенбайдың айтуынша, үлкен еңбектің ішіндегі титтей қателік үшін өзектен тепкен елге қайтқысы келмейді екен, деп хабарлайды КТК.
Даулы видео ғаламторда тараған болатын. Онда оқулықтың 75-бетінде жүрген тапсырма көптің көңіліне жақпай қалыпты. Тапсырмада "МС Сайлаубектің жұлдыз болуына не әсер етті?" деген сұрақ жүр. Оқушы сондағы 4 жауаптың ішінен дұрысын таңдау керек. Артынша анықталғаны, бұл Назарбаев зияткерлік мектебіне түсу үшін тапсыратын тест сұрақтарына дайындалатын кітап екен.
Оқулық авторы болса сол мектептің түлегі болып шықты. Өзі қазір Саудияда "Қолданбалы математика және компьютерлік ғылымдар" математика ғылымы бойынша магистратурада оқып жатыр. Ұмытыла бастаған Сайлаубектің атын шығарған жас автор енді бұндай қателігін қайталамайтынын айтып біраз ақталған.
"Талай 100 мың данамен шығып жүрген, ішінде қаншама қателіктер өріп жүрген оқулықтарды да көзіміз көріп жүр. Ал біздің ресми емес, тек емтиханға дайындыққа арналған Қазақ тілінен бар-жоғы 100 дана тесттер жинағының ішіндегі 5-6 жолымыз қаншама балағат, ғайбат сөздерге алып келді. Бірақ, бұл жолдар келесі басылымда ауыстырылып, түзетіліп үлгерген еді. Бұл тест жинағы ешқандай ресми бекітілмеген, мектеп бағдарламасына енбеген" – дейді оқулық авторы Серікболсын Дүйсенбай.