Форум қоғам үшін өзекті 2 құжат қабылданды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына сілтеме жасап.
Олар:
- "Қазақ халқының дәстүрінде және Ислам дінінде отбасы құндылығы" тұғырнамасы;
- "Құдайы ас беруде ысырапқа жол бермеу (мәзірі мен тәртібі)" құжаты.
Осы құжатқа сай, енді құдайы ас мәзіріне қойылатын талаптар мынадай: нан өнімдері, шай, ыстық ас, яғни ет немесе күріш, сары май, тары, талқан, қант, кәмпит болуы тиіс.
"Өкінішке қарай, қаражаты жоқ адамдар "елден қалмайын" деп қарызға батып, абырой іздейді. Қарапайым отбасы үшін ас беру аза тұту емес, ауыр міндетке айналып бара жатқанын бәріміз көріп жүрміз. Құдайы асты ысырапсыз, қарапайым, Құранмен, дұғамен өткізу – шариғат талабы әрі ұлттық тәрбие. Сол үшін дастарқанда ас мәзірін емес, дұғамызды, жақсы сөзімізді көбейткеніміз абзал. Ысыраптан аулақ болайық, ниетті түзетейік дегім келеді", – деді ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Аталған құжаттар отбасы институтының тәрбиелік маңызын айқындап, діни рәсімдердегі бірізділікті қалыптастыруды көздейді. Әсіресе, құдайы ас беру рәсімінде ысырап пен бәсекеге жол бермеу, дастарқан мәзірінің мазмұндық және мәндік жағына мән беру мәселелері кеңінен қамтылды.
Сондай-ақ, жиын соңында VI Республикалық имамдар форумының үндеуі қабылданып, дін қызметкерлерінің рухани-ағартушылық қызметіне жол көрсететін маңызды тұжырымдар жария етілді.