"Мұғалім тапсырманы ChatGPT-мен дайындайды": Депутат балалардың болашағына алаңдап отыр

654

Мәжілісте жасанды интеллект туралы заң жобасы бірінші оқылымда таныстырылды. 

"Мұғалім тапсырманы ChatGPT-мен дайындайды": Депутат балалардың болашағына алаңдап отыр Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев жасанды интеллектің дамуына байланысты өзінің алаңдаушылығын жеткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Депутат өткен жолы заңды таныстырған кезде жасанды интеллектің адамзатқа қаупі туралы айтқанын еске салды. 

"Бірақ қоғам мені қарсы деп қабылдап қалды. Мен жасанды интеллектке қарсы емеспін. Мен жалғыз ақылдың, сананың иесі адамзатқа рухани жағынан келетін қауіп-қатер туралы айттым. Одан кейін тиісті жауап алған жоқпын", - деді Анас Баққожаев.

Оның сөзінше, мектепте мұғалім балаларға үй тапсырмасын ЖИ көмегімен дайындайды. 

"Ал үйге келген бала оны ЖИ-дің күшімен сұрақтардың жауабын шығарып қойды. Магистратураға түскен жастар да дәл солай. Олар ғылыми еңбектерді өздері жасамайды. Жасанды интеллект жасап береді. Ал оны оқитын оқытушы да оны өзі оқып, тексергісі келмейді. Олар дайын материалды ChatGPT-ге сала салып, қорытындысын сұрап алады. Сонда біз кім болдық? Мидың қатпарлары қайда? Қазір жастардың, балалардың сөз қоры азайды. Лексиконы жоқ. Баяғыда біз шығарма, мазмұндаманы не үшін жасадық?.. Сондықтан ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргендер ЖИ-дің ішімен жүретін болды. Осы ретте біз білімді, ғылымды қалай қорғаймыз?", - деп атап өтті ол.

Мәжілісмен заң жобасында тиісті нормаларды көрмегенін баса айтты. Анас Баққожаев бұл мәселеде мектеп пен ЖОО-ларда бақылауды күшейту қажет деген пікірде.

"Қосымша құрал ретінде қолдансын. Бірақ оны пайдалану мәдениетін де қалыптастыру керек. Осы мәселе мені алаңдатады. Мені енді "Ауыл" партиясының өкілі ретінде көне адам деп ойлап қалмаңыз. Мені адамдардың мәселесі алаңдатады", - деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутат көтерген мәселеге қатысты пікір білдірді.

"Анас Ахатұлы, "Ауыл" партиясы немесе Анас Ахатұлы қарсы болды екен деп жасанды интеллект тоқтап қалмайды. Ол әлемде қарыштап дамып келе жатыр. Біз соны қалай реттейміз деп жиналып отырмыз ғой", - деді Мәжіліс спикері.

Айта кету керек, бұған дейін депутат Анас Баққожаев ChatGPT-ден қорқатынын айтқанын жазған едік.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу