Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қолданыстағы заңнамаға репетиторлық нарыққа байланысты бірқатар өзгерістер әзірленіп жатқанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Мектептегі біліммен де (ҰБТ-дан) жоғары балл алып жатқан балаларды білеміз. Оқу-ағарту министрлігі репетиторлық нарыққа байланысты "Білім туралы" заңға бірқатар өзгерістерді әзірлеп бастады. Оның ішінде репетиторлық орталықтардың жұмысы, салығы, балалар мен ата-аналар алдындағы жауапкершілігіне қатысты. Мектептегі мұғалім өзінің сабақ беретін оқушысына қаржыға қосымша репетиторлық өткізетін болса, біз бұған тыйым салатын боламыз", – деді Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.
Оның айтуынша, мұғалімдер балаға сабақ бергені үшін айлық алып отыр.
"Менің ойымша, бұл – этикалық мәселе. Нақты шектеу қою мәселесін талқылайтын боламыз. Мемлекет балаға қаражат бөліп жатыр, оған сапалы білім беру – мұғалімнің қаржысы төленген миссиясы. Бұл мәселені мұғалімдер шектеуге жеткізбей-ақ түсінеді деп ойлаймын", – деді министр.
Ведомство басшысы репетиторлық орталықтар, жалпы білім беру орталықтары интеллектуалды бизнес екенін еске салды.
"Бұған қатысты нақты шектеу заңда қарастырылмаған. Биыл бірқатар резонансты оқиғалар болды. Ата-аналардан ақша алып, қызмет көрсетпеген жағдайлар тіркелді. Сол кезде ата-аналар бізге жүгінген болатын", – деді ведомство басшысы.
Айта кету керек, бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі сабақта телефон қолдануға шектеу енгізілетінін жазғанбыз.