BilimUstaz педагогтер қауымдастығының мәліметінше, жаңа платформа мұғалімдердің біліктілігін арттыру үшін жасалған. Онда ұстаздар педагогика мен педагогикалық технология, мектеп психологиясы және цифрлық ресурстарды қолдана отырып, төмендегі тақырыптар бойынша тегін курстан өте алады:
● Цифрлық сауаттылық;
● Бағалау және рефлексия;
● Мұғалімдерге арналған әдістемелік шеберхана;
● Эссе қалай жазылады және тағы басқа.
"Курстарды өткенде дәріс материалы, видео, оқыған тақырыптарды бекітуге арналған жаттығулар, өз бетінше оқуға арналған материалдар, зертханалық жұмыстар бар. Сондай-ақ әр сабақтан кейін өзін-өзі бақылауға арналған тест тапсырмалары беріледі, әрі педагогтерге курстан кейін де қолдау көрсетіледі. Курс қорытынды тестілеумен аяқталады", - деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, онлайн-курстар мен вебинарлар өндірістен қол үзбей-ақ педагогтің біліктілігін арттыруға және өзіне ыңғайлы уақытта әрі орында оқуға мүмкіндік береді.