Шымкенттік мұғалімдер жұмысқа электронды түрде қабылданып жатыр. Білім беру саласына енгізілген тың жаңалық қала әкімінің ұйытқы болуымен қолға алынған, деп хабарлайды shymkent.gov.kz.
Қазір миллионға тарта тұрғыны бар қалада ұстаздар тек электронды түрде жұмыс табуда. Олар бұрынғыдай құжаттарын қолтықтап, әр мектепке бармай-ақ үйінде отырып жұмысқа орналасатын болған. Себебі, "Жұмыспен қамту туралы" Заң бойынша әрбір мекеме өздеріндегі бос жұмыс орындары туралы мәліметті үш күн ішінде сайтқа салуы керек.
"Мекеме бос орын жариялаған соң, сайтқа мамандығы сәйкес келетін тұлға құжаттарын электронды түрде жібереді. Сайтта қандай құжаттар сұрағанын суретке түсіріп немесе сканерлеп электронды түрде жолдайды. Ұялы телефон нөмірін көрсетеді. Сол ұялы телефонына смс хабарлама келіп түседі", - дейді Шымкент қалалық білім бөлімінің бас маманы Қасымхан Досжанов.
Құжаттар тапсырылған соң қоғамдық ұйымдар мен білім бөлімінің қызметкерлерінен құрылған арнайы комиссия үміткермен сұхбаттасу жүргізеді.
"Бізде орыс сыныптарына сабақ беретін пән мұғалімдеріне сұраныс жоғары. Орыс тілді бастауыш сыныптарға 210 мұғалім керек. Сондай-ақ химия, биология, математика пәндерінен орыс сыныптарына мұғалім болам деушілерге де орын өте көп", – дейді қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева.