Министрдің хабарлауынша, бүгінгі таңда бағалау жүйесінің тізбесіне енген 13 университет тексерілген. Олардың бесеуінде бұған дейінгі ескертулер жойылмағандықтан, 5 университеттің лицензиясы бір айға тоқтатылған. Сондай-ақ, 12 жоғары оқу орнына айыппұл салынып, 1 университет бойынша іс сотқа жіберіліпті.
"Жыл соңына дейін тағы 12 ЖОО бойынша бұрын берілген нұсқамалардың орындалуын тексеруді жоспарлап отырмыз. Бұзушылықтар қайта анықталған жағдайда, лицензиядан айыру және ЖОО жабу үшін құжаттар сотқа жіберіледі",– делінген министрдің жазбасында.
Асхат Аймағамбетов міндеттеріне жауапсыз қарайтын ЖОО-лардың лицензияларын министрлік тарапынан кері қайтарып алуға құқық беретін заң нормаларын енгізу жоспарланып жатқанын жеткізді. Бұл бастама мемлекет басшысы тарапынан қолдауға ие болған.
"Қазіргі уақытта лицензияны қайтарып алу үшін сотқа жүгіну немесе қажет болған жағдайда барлық шағымдану процедурасынан өту керектігін естеріңізге саламын. Оған қоса, Премьер-Министрдің өкіміне сәйкес Үкімет жанынан жоғары оқу орындарын оңтайландыру комиссиясы құрылды",– делінген министрдің хабарламасында.
Ведомство басшысы ЖОО-ларға, әсіресе лицензияларында педагогтерді даярлауға арналған қосымшалары бар жоғары оқу орындарына қосымша талаптар дайындалып жатқанын жазады, елімізде ондай 85 оқу орны бар.
"Бүгінде көп бейінді университеттің барлығы мұғалімдерді даярлайды. Алайда олардың сапасы сын көтермейтіндіктен, қойылатын талаптарды күшейту арқылы мұғалімдерді даярлайтын ЖОО санын 85-тен 20-25-ке дейін қысқарту жоспарланып отыр. Олар басқа бағыттар бойынша мамандар даярлай береді, ал педагогика бойынша лицензиялары қайтарылып алынуы мүмкін. Шамамен алғанда, әр аймақта мұғалімдерді даярлайтын 1 мықты ЖОО және Алматыда бірнеше оқу орны болмақ. Нашар сабақ үлгерімі үшін оқудан шығарылғандардың бәрін қабылдай беру есебінен кейбір жоғары оқу орнына 100 адам түсіп, 800-ге жуық түлек бітіретінін атап өткім келеді",– дейді Аймағамбетов.
Биыл 37 мың студент таяу шетелдің ЖОО-да бір семестр немесе бір жыл оқыған соң қазақстандық шағын ЖОО-на ауысып келген. Ақпаратқа сүйенсек, ҰБТ сертификатының талап етілуін айналып өту үшін талапкерлер құжаттарын шетелдік ЖОО жіберіп, бір семестр немесе бір жылдан кейін виртуалды түрде қазақстандық университетке ауысып алатын тенденция да бар. 20-23 мыңға дейін студент оқитын және олардың көпшілігі, әдетте, сабаққа да бармайтын кейбір өңірлік жеке меншік ЖОО-лар да бар.
"Сондықтан да министрлік осындай жағдайлар мен жауапкершілігі төмен ЖОО қатысты қатаң саясат жүргізуде",– дейді ведомство басшысы.