Мұғалімді тілдеген ата-ана айыппұл төледі

1184

Қарағанды облысында мұғалімді тілдеген және баласын сабаққа жібермеген екі ата-ана айыппұл арқалады.

Мұғалімді тілдеген ата-ана айыппұл төледі

Қарағанды қаласының мектептерінің бірінде баласы білім алып жүрген оқушының анасы сынып жетекшісімен ұрысып, бірнеше рет тілдеген. Ол WhatsApp желісі арқылы мұғалімнің намысына тиетін сөздер жазған, әрі оны ұзын "швабраға" теңеген. Сынып жетекшісінің бар жазығы оқушының не себепті сабақтан қалатынын ата-анасынан білгісі келген. Әбден шыдамы шегіне жеткен мұғалім білім саласының сапасын бақылайтын департаментке шағым түсірген. Осыдан кейін оқушының анасы қызметтік міндетін өтеу барысында педагог жұмысына құрмет көрсетпегені үшін ҚР әкімшіліктік кодексінің 409 бабы 7-6 бөлігі бойынша жазаға тартылған. Бұл бап бойынша ата-анаға 91 890 теңге айыппұл салған.

Айыппұл арқалаған екінші ата-ана Шахтинск қаласының тұрғыны. Мұнда оқушының анасы баласын тоқсан бойынша жиынтық бағалау тапсырмасын орындау үшін мектепке жібермеген. Пандемия кезінде қашықтықтан оқыған балалар бақылау жұмысын орындау үшін мектепке шақыртылып отырған болатын.

"Қашықтықтан оқыған күннің өзінде балалар мектепке келіп тоқсан бойынша жиынтық бағалауды тапсыруы міндетті еді. Осы кезде ата-ана баланы мектепке жібермеген. Кейін екінші тоқсанда дәстүрлі түрде оқу басталғанда ол тағы баланы мектепке оқуға жіберуге қарсы болды. Оқушының білім алуға қатысты құқығы бұзылғандықтан сот арқылы ата-анаға 42 882 теңге айыппұл салынды", – деп хабарлады Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті.

Департамент өкілдері қызметтік міндетін атқару барысында ар-намысы тапталған ұстаздарға заң тұрғысынан кеңес беріп қолдау білдіретінін мәлімдеді. 

Арайлым Еркебаева 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу