Мұғалімге тіл тигізген оқушы сот алдында жауап береді

Жеткіншекке қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.   

Мұғалімге тіл тигізген оқушы сот алдында жауап береді

Павлодар облысындағы мектептердің бірінде сабақ беретін мұғалім өз оқушысының үстінен полицияға шағымданды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Белгілі болғандай, мектеп оқушысы WhatsApp желісінде ұстазына балағат сөздер жазған. Оның мұндай әрекетіне басқа балалар да куә болды.

"Мұғалім оқушысының WhatsАpp мессенджерінде оған балағат сөздер жазғанын айтты. Материал Павлодар облысының кәмелетке толмағандар жөніндегі мамандандырылған әкімшілік сотына жіберілді", - деді Павлодар қаласы полиция басқармасы орталық ПБ ювеналдық полиция тобының аға инспекторы Әсия Әлкеева.

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 435-бабы бойынша кәмелетке толмаған адам жасаған бұзақылық үшін ата-анасына немесе оларды алмастыратын адамдарға 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.

Ал 2020 жылы қабылданған "Педагог мәртебесі туралы" Заңға сәйкес, ұстазға құрмет көрсетпей, қорлаған азаматтар 30 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. Егер мұғалімге 12-16 жас аралығындағы кәмелеттік жасқа толмаған азаматтар тіл тигізсе, 20 АЕК көлемінде жауапкершілік қарастырылған. Жағдай қайталанса, айыппұл 40 АЕК-ке дейін көбейіп, бес тәулікке дейін қамауға алынуы ықтимал.

Мұғалімге тіл тигізген елдегі жағдай бұл ғана емес. Осыдан екі жыл бұрын Жамбыл облысындағы 5-сынып оқушысы педагогке балағат сөз айтқаны үшін ата-анасына 55 мың теңге айыппұл салынды. Ал Қарағанды облысының тұрғыны осындай әрекет үшін 87 мың теңгеге айыппұл төледі.

Жалпы, Павлодар облысында жыл басынан бері ұсақ бұзақылық жасаған жеткіншектердің 33 заңды өкілі жауапқа тартылды.

 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу