Жол шығынын өтеп беруді талап етіп жүргендер саны 100-ден асады. Олардың алған билет құнының жалпы сомасы 9 миллион теңгеге жуықтайды.
"9 айлық науқас баламды портал бойынша Алматыға 2 рет емге апардым. Бірінші сапарда билетке 48 мың теңге төлеген едім. Оны қайтарып берді. Ал екінші рет жолақы 125 мың теңгеге шықты. Бірақ оны бізге төлемей отыр. Билеттің бәрі несиемен алынған. Емге портал арқылы барудың жолақысын төлемейміз, тек қана квотамен барған сапарлар төленеді дейді. 2019 жылы шыққан талап, оны білмедік, жақында ғана білдік дейді. Сонда 3 жыл бойы қайда қарап отыр?", – дейді Ақтау қаласының тұрғыны Алтын Рзахожаева
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, порталмен емге барғандардың жол ақысы ескі ереже бойыша төленіп келген. Енді жол қаржысы тек квотамен жоғары мамандандырылған медициналық көмекке барғандарға ғана төленеді екен. Заңға сәйкес болмағандықтан жолақы төленбейтін болды.
Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыровтың айтуынша, заң жүзінде құжатқа өзгеріс енгізіліп, сәуір айында облыстық маслихатта бекітілген. Онда порталмен емге баратын науқастарға ақы төлеу мүмкіндігі жоқ.
Тасым Жаңай