Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Халыққа қызмет көрсету орталықтарының мүмкіндігі шектеулі адамдардан паспорттар мен жеке куәліктер бергені үшін мемлекеттік баждарды негізсіз алу фактілерін анықтады.
Салық кодексінің 622-бабына сәйкес аталған тұлғалар құжаттандыру қызметтері үшін мемлекеттік баж төлеуден босатылған.
Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бастамасымен азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру мәселесі көтерілді. Қазіргі уақытта полиция органдарымен бірлесіп төленген мемлекеттік баждарды қайтару бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Талап етілген баждардың жалпы сомасы 1 345 000 теңгені құрады.
Бұдан әрі осындай негізсіз мемлекеттік баж алуды болдырмау үшін Департамент ақпараттық жүйелерді сапалы интеграциялауды жүргізу, сондай-ақ, белгілі бір санаттағы тұлғаларға және басқа да салаларда жеңілдіктер беруге қатысты қолданыстағы заңнаманы зерделеу қажеттігін атап өтті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі халықтың әлеуметтік осал топтарын қорғау мақсатында Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен бақылаушы органдарды заң талаптарына мұқият қарауға және азаматтардың құқықтарын бұзуға жол бермеуге шақырады.