Мүгедектер үшін оңалту құралдарын сатып алу жеңілдеді

1131

Бүгінде әлеуметтік қызметтер порталында оңалту құралының 55 түрі бар.

Мүгедектер үшін оңалту құралдарын сатып алу жеңілдеді

Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін оңалту құралын сатып алу жеңілдеді. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Оның айтуынша, 2020 жылы мүгедектерге арналған қызметтің сапасын арттыру үшін пилотты режимде әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылған.

"Нәтижесінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін оңалту құралын алу мен қызметті алу процесі ашық жүргізіле бастады. Олар оңалту құралын өздері делдалсыз таңдай алады. Портал осы саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге ықпал етеді", - деді вице-министр орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Ербол Оспанов өткен жылы порталда оңалту құралының 24 түрі сатылса, биыл олардың саны 55-ке жеткенін атап өтті.

Вице-министрдің пікірінше, мүгедектер үшін оңалту құралдарын сатып алу жеңілдеген.

"(Порталдан – автор) мүмкіндігі шектеулі адам мүгедек арбасын сатып алғысы келді дейік. Мысалы, оған мемлекет берген арба ұнамай қалды. Мұндай жағдайда ол мемлекет берген ақшаның үстіне өз қаражатын қосып, өзіне ұнаған, қымбат арбаны сатып алуға мүмкіндігі бар", - деді ол.

Айта кетейік, Әлеуметтік қызметтер порталы – мүгедектігі бар адамдарға тікелей жеткізушілерден оңалту құралдары мен қызметтерді дербес сатып алу мүмкіндігін беретін автоматтандырылған жүйе.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу