Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында азаматтардың жекелеген санаттары үшін қарастырылған жұмыспен қамтуды қолдаудың арнайы шаралары туралы айтты, деп жазады inbusiness.kz.
Оның сөзінше, мүгедектігі бар адамдар үшін арнайы жұмыс орындарын ұйымдастыру тетігі қайта қаралды. Жұмыс берушілерге жұмыс орнын ұйымдастыру үшін 300 АЕК-ке дейін 1 млн теңге мөлшерде шығындар өтеледі. Бұл ретте мемлекет 3 жыл ішінде жұмысқа орналастырылған адамдардың жалақысын да субсидиялайды.
Сонымен қатар зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдарды жұмысқа орналастыру мүмкіндігін кеңейту үшін "Күміс жас" жобасына өзгерістер енгізілді: қатысушылардың жасы 50 жасқа дейін төмендетілді және қатысушылардың жалақысын субсидиялау мерзімі 3 жылға дейін ұлғайтылды.
Ал жұмыс тәжірибесі жоқ жастар үшін "Жастар практикасы" және "Алғашқы жұмыс орны" жобаларын іске асыру жалғасатын болады.