Жыл басынан бері 113 мыңнан астам мүгедектігі бар адамға әлеуметтік қызметтер порталы арқылы оңалтудың техникалық құралы рәсімделді.
6 мыңнан астам адамға ымдау тілі қызметі көрсетілді. Мүмкіндігі шектеулі 31 мыңнан астам азамат жеке көмекші қызметіне жүгінді. 36 мыңға жуық мүгедектігі бар адам санаторлық-курорттық ем алды. 122 мыңнан астам азамат кепілдік берілген әлеуметтік топтамаға тапсырыс берді.
"Портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электронды цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс берілген оңалтудың техникалық құралдарын жеткізу немесе өз бетінше әкету арқылы алуға болады", – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдарды, сондай-ақ кресло-арба беруді қамтиды.
Бүгінгі күні әлеуметтік қызметтер порталында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 859 медициналық-әлеуметтік мекеме, 127 оңалтудың техникалық құралын, 13 мыңнан астам жеке көмекші қызметін ұсынатын, 250 ымдау тілі қызметін көрсететін, 66 санаторлық-курорттық емдеу ұсынатын және 135 кепілдік берілген әлеуметтік топтама ұсынатын жеткізуші тіркелген.
"2020 жылғы 29 желтоқсаннан бастап электронды үкімет порталында мүгедектігі бар адамдарға еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мемлекеттік қызметтерін көрсетуге электронды өтінім беру мүмкіндігі іске асырылды. Осы кезеңде электронды үкімет порталы арқылы оңалту құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз етуге 110,5 мыңнан астам құжат рәсімделді. Әлеуметтік қызметтер порталы автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу мүгедектігі бар адамдардың құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар шеңберінде қарастырылған. 1411 нөмірі арқылы Call-орталықтан порталды пайдалану бойынша кеңес алуға болады", – деп жазылды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайтында.
Қанат Махамбет