Мүгедектігі бар азаматтарға арналған тасымал қызметі жаңғыртылуда

366

Жыл басынан бері Астана мен Алматыда ерекше қажеттілігі бар азаматтарға 172 мыңнан астам инватакси қызметі көрсетілді.  

Мүгедектігі бар азаматтарға арналған тасымал қызметі жаңғыртылуда Фото: bizmedia.kz

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған инватакси қызметін жетілдіру бағытындағы пилоттық жобаны іске асыруды жалғастыруда, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Министрліктің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері Астана және Алматы қалаларында инватакси қызметі 172,7 мың рет көрсетілген. Оның ішінде сәуір айында 22,4 мың сапар тіркелген.

Бұған дейін инватакси қызметіне тапсырыс беру үшін азаматтар сапардан бір күн бұрын телефон арқылы өтінім қалдыруға мәжбүр болатын. Бұл көлікті ұзақ күтуге және сапарларды алдын ала жоспарлауға байланысты бірқатар қолайсыздық туғызған.

Осы мәселені шешу мақсатында Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, такси агрегаторларын тарту жөніндегі пилоттық жобаны іске қосты.

"Яндекс" компаниясы жобаны қолдап, оған комиссия алмай қатысуда. Бұл сапар құнының толық көлемін тікелей мүгедектігі бар жолаушыларға көрсетілетін қызмет ақысын төлеуге бағыттауға мүмкіндік берді.

 Жоба аясында мүгедектігі бар азаматтар көлікке тапсырысты мобильді қосымша арқылы рәсімдеп, сапардың орындалу барысын онлайн бақылай алады.

Жүйеде жүргізушілерге жолаушыларға көмек көрсету бойынша арнайы нұсқаулықтар берілген. Сонымен қатар қосымшада жолаушының ерекше қажеттіліктері туралы алдын ала хабарлау мүмкіндігі қарастырылған.

Айта кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша инватакси қызметі елімізде 489,8 мың рет пайдаланылған. Мамандар жаңа цифрлық шешім қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу