Мүгедектігі бар балаларды үйде оңалту жобасы тағы 4 өңірде іске қосылады

437

Қанша бала қамтылатыны дайындық жұмыстары аяқталғаннан кейін анықталады.  

Мүгедектігі бар балаларды үйде оңалту жобасы тағы 4 өңірде іске қосылады Фото: primeminister.kz

Жыл соңына дейін "QH Мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту" жобасын Қазақстанның тағы төрт өңірінде іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі таратқан ақпараттан белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, қазір жоба Шымкент қаласында, Қызылорда, Павлодар және Абай облыстарында іске асырылып жатыр. Бүгінде 642 бала кешенді оңалту көмегімен қамтылған. Оның 500-інде оң нәтижелер байқалды.

Жоба 2024 жылдан бері Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қатысуымен Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы мен "Қазақстан халқына" қоғамдық қорының бірлескен жұмысы арқылы жүзеге асырылып келеді. Басты мақсат – баланың оңалтуын үйде жалғастыруға мүмкіндік беру және осы кезеңде мамандардың қажетті қолдауын қамтамасыз ету.

"Оңалту алдында мамандар баланың жағдайын, қажеттілігін және үйдегі мүмкіндіктерін зерделейді. Соған сәйкес балаға қажетті оңалту құралдары іріктеледі. Бұл арнайы кресло, вертикализатор, жүріп-тұру құралы немесе тренажер болуы мүмкін. Қажетті құрал-жабдықтар отбасының үйіне дейін жеткізіледі. Оларды отбасы белгілі бір уақытқа ақысыз пайдаланады. Ата-аналарға құралдарды қауіпсіз қолдану әрі балаға қажетті жаттығуларды дұрыс орындау үйретіледі. Оңалту курсының ұзақтығы мен мазмұны әр баланың жағдайына қарай жеке белгіленеді", – делінген хабарламада.

Баланың жағдайындағы оң өзгерістер оның күнделікті қимыл-қозғалыс мүмкіндіктерінің жақсаруына қарай ескеріледі. Ол үшін мамандар Бартел, FIM және негізгі қимыл-қозғалыс дағдыларының бұзылу деңгейлерін қолданады. Мысалы, баланың басын бұрынғыдан жақсы ұстай бастағаны, өздігінен отыра немесе тұра алғаны, аяғына сүйене бастағаны, жүру дағдыларының жақсарғаны назарға алынады.

"Жоба аясындағы оңалту жұмыстарының нәтижесінде 138 бала басын жақсы ұстай бастаған, 83 бала өздігінен отыруды үйренген, 49 бала тірекпен жүре бастаған. Ал 35 бала өздігінен жүріп кеткен", – деп хабарлады ведомство.

Баламен жұмыс оңалту орталығында ғана емес, үйде де жалғасады. Ата-аналарға арнайы жаттығулар мен қажетті ұсыныстар беріледі. Олар жаттығулардың орындалуын цифрлық күнделікке белгілеп отырады. Ал мамандар баланың нәтижесін қашықтан бақылап, қажет болған жағдайда оңалту бағдарламасына өзгеріс енгізеді.

Жаңа өңірлерде жобаға қанша бала қатысатыны дайындық жұмыстары аяқталғаннан кейін анықталады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу