Мүгедектігі бар балаларға тегін рейстер жасалсын - депутат

622

Мәжіліс депутаты Ерлан Әбдиев мүгедектігі бар адамдар үшін ішкі рейстерде бірқатар жеңілдік қарастыруды ұсынды. 

Мүгедектігі бар балаларға тегін рейстер жасалсын - депутат Фото: Turkystan.kz

Халық қалаулысы ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың атына депутаттық сауал жолдады.

"І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін жеңілдіктер немесе арнайы тариф билет құнының 50% мөлшерінде болсын. Осы санаттағы адамдарға жылына 1 рет бір бағытқа ұшып бару және ұшып қайту тегін әуе қатынасымен қамтамасыз етілсін. Мүгедектігі бар балаларға әрқашан тегін рейстер жасалсын. Ұшу барысында сүйемелдеуді қажет еткен жағдайда, сүйемелдеуші адамдар үшін жеңілдетілген тариф көзделсін", - деді ол.

Ерлан Әбдиев инклюзивті қоғам құруда отандық әуе компаниялар да үлес қосу қажет екенін жеткізді. 

"Инклюзивті қоғам бір күнде құрылмайды. Инклюзия өміріміздің барлық саласына енуі үшін оған тек мемлекет қана емес, сонымен бірге қоғамдық қатынастардың барлық субъектілері де қатысуы керек. Оның ішінде жеке бизнес те бар", - деді депутат.

Оның сөзінше, бүгінде мүгедектігі бар адамдардың мобильділігі авиатасымалдардың қолжетімсіздігімен шектеліп отыр. 

"Ұшаққа билет сатып алу мүмкін емес. Жеңілдіктер және одан да бөлек тегін ұшу мүмкіндігі қарастырылмаған. Билет құны көбінесе бір айлық әлеуметтік төлемнен де асып кетіп жатады. Қазіргі тарифтермен, тіпті жұмыс істейтін сау  адамдар да билеттерді ала алмаған кездерді айтуға болады", - деді Ерлан Әбдиев.

Ол халықаралық әуе тасымалдау тәжірибесінде мүгедектігі бар жолаушыларға өз елдерінің ішінде ұшуға жеңілдіктер қарастырылғанын атап өтті.

"Бұл жылына бір рет тегін рейстер жеңілдіктері және сатып алудың басқа да ерекше шарттары.  Мұндай мысал біздің әуе нарығында да болды. Шетелдік компания отандық нарыққа осындай жеңілдіктер пакетімен кірді. Алайда көп ұзамай ол басқа тасымалдаушыларға назар аударып, саясатын өзгертіп жіберді", - деді Ерлан Әбдиев өзінің депутаттық сауалында.

Халық қалаулысы ұсынған мәліметке сәйкес, елімізде І және ІІ топтағы мүгедектігі бар 340 мың адам бар. Олардың ішінде 80 мыңға жуығы балалар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу