Өткен жылы мүгедектігі бар және асыраушысыз қалған ел тұрғындарына 440 млрд теңгеден астам сомаға жәрдемақы берілді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.
Оның ішінде мүгедектігі бойынша мемлекеттік жәрдемақы төлеуге – 341 млрд-тан астам теңге, асыраушысынан айырылу бойынша – 99,9 млрд теңге жұмсалды.
1 қаңтардағы жағдай бойынша мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны – шамамен 538,6 мың адам, ал асыраушысынан айырылғандар саны – 189,9 мыңға жуық адам.
"Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының мөлшері қайтыс болған асыраушының асырауындағы адамдардың санына, қайтыс болу себептеріне және ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты болады. Жаңа жылдан бастап жалпы аурудан мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері І топ үшін – 77 889 теңгені, ІІ топ үшін – 62 068 теңгені, ІІІ топ үшін 42 190 теңгені құрайды", - деп хабарлады ведомство.