Мұхтар Құл-Мұхаммед: Дробницкийдің мәлімдемесі елімізге тікелей қауіп төндіріп тұр

625

Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед Ресейдің телеарнасында Соловьев жүргізген бағдарламадағы ресейлік сарапшылардың сөздеріне Сенатта түсініктеме берді, деп жазады inbusiness.kz.

Мұхтар Құл-Мұхаммед: Дробницкийдің мәлімдемесі елімізге тікелей қауіп төндіріп тұр Фото: tengrinews.kz

"Соловьев бұрыннан бері әлемнің көптеген елінде нон-грата тұлғаға айналды. Бүгінгі таңда ол санкциялық қара тізімдердің көшін бастап тұр. Сондықтан да ыза-кектің буынан ол елдің бәріне жармасып, уын шашып жүр. Бұрын "Россия 1" арнасында ол Алматыға бомбаларды "тастап жіберуді" ашық түрде ұсынған болатын. Оның бұл сөздерінен бағдарлама қонағы болған Мемлекеттік Дума депутаты Онищенко да үрейленген еді. Ол көбінесе өзеуреп сөйлейді немесе бағдарлама қонақтарын  жанжал мен арандатушылық мәлімдемелер жасауға итермелейді. Мұның бәрі тікелей эфирде көрсетіліп, есуас кейпінде болады. Осыған байланысты интернет кеңістігінде мыңдаған мем бар", - деді ол.

Комитет төрағасы ресейлік саясаттанушылардың мұндай мәлімдемелерінен үлкен қауіп байқалатынын атап өтті.

"Ресейлік саясаттанушы Дробницкийдің "келесі мәселе Қазақстан болуы мүмкін, себебі ұлтшылдық үрдістер ол жерде де басталуы ықтимал" деген мәлімдемесінен біздің елімізге тікелей қауіп төндіру байқалып тұрғаны анық. Егер ол Еуразиялық экономикалық одақ пен ҰҚШҰ-ға бізбен бірге тұрған дос мемлекет Ресейдің мемлекеттік арнасының эфирінде айтылмаса, сарапшы-фантаст Дробницкийдің, жазушы Максим Жуковтың пікіріне назар аудармауға да болар еді. Ресейлік саясаткерлердің мұндай екпінді, мақсатты шабуылдары Соловьевтің шоуында бұрыннан жүйелі түрде айтылып келе жатқандықтан, олар қазір Ресейдің федералды билігі тарапынан объективті жауапқа лайық. Қазақстанның тәуелсіз ел болғанына 30 жылдан астам уақыт өтті. Соловьев пен сол сияқты саясаткерлердің бұл шындықты қабылдап, жаңа геосаяси ақиқатпен санасатын уақыты келді" - деп түйіндеді Мұхтар Құл-Мұхаммед. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу